Алматылықтар Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды

406
egemen.kz

Бүгін Алматы қаласының тұрғындары Денис Тенді қимастықпен ақтық сапарға шығарып салды. Қоштасу рәсімі «Балуан Шолақ» атындағы спорт кешенінде өтті. Қаралы жиынға келгендердің қарасы көп болды.

Жасындай ағып түскен жас ғұмырды соңғы сапарға шығарып салуға келгендер қолдарына гүл шоқтарын ұстап, қимастық сезіммен, жүректері елжіреп, көздеріне жас алып тұрды. Осынау жүрегі Қазақстаным деп соққан чемпионның суреті бар жалауларын әкеліп, шынайы жанкүйерлік ықыластарын білдірді.

Өнер жұлдыздарынан бөлек спорт саңлақтары Серік Сапиев, Геннадий Головкин көңіл айта келді. Дүйім жұрт Денис Тенді «She won’t be mine» әнімен ақтық сапарға шығарып салды.

Жалпы Денис Тенді еске алу арнайы жерлерде үш күнге дейін созылатыны жайында хабардар етілді. «Өмір – ол өте нәзік нәрсе, ертең не болатынын ешқашан білмейсің» – деген еді бір сұхбатында Денис. Қазақстанның әлем мойындаған талантты ұлы, құйрықты жұлдыздай ағып түсті.

Жангүлім Хафиз