Арыс қаласының әкімі заңсыз саудаға рұқсат берген бе?

359

Арыс қаласының тұрғындары өзді-өзі дауласуда. Шаһарда бақша өнімдері рұқсат етілмеген орындарда сатылып жатыр. Үй іргелерінде саудасын қыз-қыз қайнатқан сатушыларға қараша халықтың өкпесі қара қазандай. Саудагерлер жергілікті биліктен уақытша рұқсат алғандарын айтады.

Арыс қаласындағы орталық базардан қауын-қарбызды шертіп жүріп таңдап алуға болады. Бағалары да қолжетімді. Бар түйіткіл, бақша өнімдерінің рұқсат етілмеген жерде сатылуында болып тұр. Жергілікті халық осыған наразы.

Рауан Иcабеков, қала тұрғыны: «Жолды жауып қояды. Өте алмаймыз. Шағымданғанмен, қайран жоқ».

Жергілікті халық бұл аумақтан сауда қатарларын жоюды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, саудагерлер тұрған орындарын ластап, тіпті жүретін жолды да жауып тастайды. Сатушылар сауда жасайтын басқа орындардың ыңғайы болмай тұр дейді.

Гүлжахан Әмірбекова, сатушы: «Бізді әкім шақырғанда басқа орын табылғанша сауда жасай беріңіздер деді. Біз қайда барамыз? Балаларымызды қалай асыраймыз? Несиені қалай төлейміз?»

Мұрат Қадырбек, Арыс қаласының әкімі: «Мен ешкімге рұқсат берген жоқпын. Құқым да жоқ. Қазір біз тиісті жұмыстарды жүргіземіз. Әкімшілік жазаға тартуды қарастырамыз».

Бірі қаланың тазалығына алаңдаса, бірі нәпақа табумен бас қатырған бүгінде.
Маусымды пайдаланып, көл-көсір пайда тапқысы келеді. Қалай дегенмен, билік өкілдері «арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» шешім қабылдауы тиіс.