«Бала шақтан болашаққа – ана тілімен» атты облыстық байқаудың жеңімпаздары анықталды

39

Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен мектепке дейінгі мекемелердің бүлдіршіндері арасында «Бала шақтан болашаққа – ана тілімен» атты облыстық байқау өтті.


Өңіріміздің барлық аудан, қаласынан 6 жасқа дейінгі 15 үміткер «Мақал-мәтелдер даналыққа бастайды» атты мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер айту және «Өнерліге өріс кең» атты ән, би, өлең оқудан еркін тақырыпта тіл, туған жер, Отан, Астана, өз туындысы бойынша екі аталымнан сайысқа түсті.


Тұңғыш рет ұйымдастырылған сайыс барысында қатысушылардың білімділігі мен тапқырлығы, белсенділігі, киім үлгісі мен шығарманың күрделілігі және көркемдігіне баса назар аударылды.


Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Отырар ауданының қатысушысы Сезім Тәжібай лайық деп танылды. Бірінші орын Созақ ауданының жас мақалшысы Інжу Болатбекке берілсе, екінші орынмен Шардара ауданынан келген жас дарын Рахманәлі Назым, үшінші орынмен Төлеби ауданының жас тіл шебері Рашид Әли Қайратұлы марапатталды. Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары дипломдар және арнайы сыйлықтармен марапатталды.