1 шілде — Ұлттық домбыра күніне орай облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары бүгін таңертең перзентханаларға барып, жаңа туған нәрестелерге домбыра сыйлады.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблесының ұйымдастыруымен өңіріміздегі барлық перинаталдық орталықтарында өткен шарада бүгін жарық дүние есігін ашқан сәбилерге ізгі тілек жазылған хат тапсырылып, ата-аналарына арнайы сыйлықтар тарту етілді.
— Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі баршамызды ерекше қуантып отыр. Елбасының қолдауымен жүзеге асып жатқан айтулы күн ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау, қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыра түседі. Елдегі игі бастамаларға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан этномәдени бірлестіктердің мүшелері бүгін дүниеге келген сәбилерге қазақтың қасиетті домбырасын тарту етіп, ізгі тілегімізді арнадық, -дейді облыстық күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы Әзімбай Надиров.
Айта кетсек, шілденің алғашқы жексенбісін ұлттық аспабымыздың төл мерекесіне айналдыру туралы шешім Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жақында ғана белгіленген болатын. Облыстық этномәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық бірегейлікті сақтап, қоғамды біріктіре түсетін домбыра күні аясында өтіп жатқан барлық шараларға белсене қатысуда.