Облыс мәслихатының кезектен тыс 29-шы сессиясында Түркістан облысы, қала, ауданның «Құрметті азаматы» атағын беру қағидасы бекітілді. Жалпы ережедегі маңызды тұстарға тоқталсақ.

«Түркістан облысының (Түркістан облысы, қаласының, ауданның) «Құрметті азаматы» атағы азаматтарға көзі тірісінде беріледі.

Аталған атақ заңсыз сотталған және кейіннен сот шешімі бойынша толық ақталған тұлғаларды қоспағанда соттылығы бар, сондай-ақ, бұрын сотты болған тұлғаларға берілмейді.

«Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағын беру еңбек ұжымдарының, қалалық және аудандық мәслихаттардың, қала және аудан әкімдерінің, саяси партиялардың, қоғамдық және діни бірлестіктердің бастамалары бойынша жүзеге асырылады.

Кандидатураны қолдайтын хаттар тиісті қалалық, аудандық мәслихаттарға немесе әкімдіктерге жіберіледі. Қолдаухатқа жиналыс хаттамасының көшірмесі кандидаттың айырықша сіңірген еңбегін растайтын құжаттарының көшірмесі, өмірбаяны, соттылық жөніндегі мәлімет, 2,5х3,5 және 9х12 көлемдегі суреті тігіледі.

Атақ беру туралы өз кандидатурасын ұсынған тұлғалардан түскен қолдаухаттар қаралмайды.

Тағы бір маңызды тұс: Түркістан облысының (Түркістан облысы, қаласының, ауданның) «Құрметті азаматы» атағынан айыру және қалпына келтіру қалай жүзеге асатынына назар  аударыңыз.

«Түркістан облысының, Түркістан облысы қаласының, ауданның Құрметті азаматы» атағы берілген тұлға, аталған тұлғаға қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда, оған атақ беру туралы ұсыныс енгізген облыс (қала, аудан) әкімінің ұсынысы негізінде, тиісті мәслихат шешімі бойынша ол атақтан айрылады.

Осы қағиданың 24-тармағында көзделген негіздер бойынша «Түркістан облысының, (Түркістан облысы қаласының, ауданның) «Құрметті азаматы» атағынан айырылған тұлға, қайталап аталған атақты беруге ұсыныла алмайды.

Заңсыз сотталған және сот шешімі бойынша толық ақталған азаматтарға «Түркістан облысының (Түркістан облысы қаласының, ауданның) «Құрметті азаматы» атағы тиісті әкімнің ұсынысы негізінде тиісті мәслихаттың шешімімен қалпына келтіріледі.

Шынар Оразова