«Қонысбаев» кедендік өткізу бекетінде тұрып қалған қазақстандық көлік мәселесі шешілуде

399

Өзбекстанмен шекаралас «Қонысбаев» кедендік өткізу бекетінде қазақстандық көліктердің кептеліске тап болып, апталап өте алмай қалғанын хабарлаған болатынбыз. Тамыздың 1-7 аралығында 315 қазақстандық көлік кедендік өткізу бекетінде тұрып қалады.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік кеден қызметіне тамыздың 7-сі күні арнайы хат жолдаған болатын. Соның нәтижесінде «Қонысбаев» кедендік өткізу бекетінде  315-көліктің  біразы өтіп, 160 қазақстандық көлік қалды.

Аталған жәйттің орын алуына Өзбекстан бағытына Қазақстан арқылы өтетін алыс және жақын шетелдерден көлік санының артуы басты себеп дейді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарламада. Қазір жағдай толық бақылауға алынған.

Тамыздың 18-і күні ҚР қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев Түркістан облысына келді. Сөйтіп Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік кеден қызметінің жетекшісі Мұраджан Азимовпен кездесті. Екі елдің құзырлы органның өкілдері мәселенің себептері мен салдарын саралап, алдағы уақытта болдырмаудың жолдарын қарастырды.

Екіжақты кездесу нәтижесінде «Қонысбаев» кедендік өткізу бекетінде тұрып қалған қазақстандық көлік саны 60 – қа дейін азайды.

Жанар Есенбекова