Азаматтарға арналған үкімет: 2022 жылы ХҚКО қызметі 90% онлайн жүзеге асырылады

786

2022 жылы Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметі 90% онлайн түрде болады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл санап азаматтар арасынла онлайн қызметті насихаттауға күш салудамыз. Яғни, орталыққа келмей-ақ үйде, жұмыста отырып қажетті құжаттарын алып немесе басқа да қызметтерді пайдалануға үндеудеміз. Бұл халықтың ұзын-сонар кезекте тұрмауы үшін жасалынып жатқан мүмкіндік. Бүгінде барлық саны 746 қызметтің 60% электронды түрде қол жетімді, жыл соңына дейін 70% өсіру мүмкіндігі бар, ал 2022 жылы 90% онлайн қызметке көшу мақсаты тұр, – деді Мұрат Жұманбай.

Сонымен қатар, департамент басшысы қалған 10% қатысты да түсініктеме берді.

«Азаматтарға арналған үкіметтің адамның қатысуынсыз жүзеге асырылмайтын, белгілі қызмет түрлері бар, ол негізінен шетелге шығу кезінде яғни СІМ-не қатысты құжаттарды реттеумен байланысты», -деді ол. Сол сияқты бүгінгі таңда азаматтарға арналған үкіметтің телеграм-бот арқылы халық арасында жиі қолданысқа енген қызмет түрлері аталды. «Қазіргі таңда тұрғылықты мекенжай анықтамасы, азаматтардың сотталмағаны туралы және жылжымайтын мүлік туралы анықтама алу сияқты үш қызмет онлайн жүйеде көш бастап тұр деді, -М.Жұманбай.