Франция азаматшасы асырап алған қазақ баласы Шымкентке келді

577

10 жылдан соң елге оралған қазақ баласы. Алайда, ол Қазақстанға қонақ болып келді. Шымкенттегі мамандандырылған бөбектер үйінде осыдан 11 жыл бұрын тәрбиеленген Шоқан есімді ұл бала қазір Францияда тұрады. Сәби Шоқанға қамқор болып, күні-түні қараған тәрбиешілер де өздерін ұмытпаған жеткіншекке разы болды.

Шетелдіктер асырап алған қазақ баласы елге келді. Осыдан 10 жыл бұрын Франция еліне Шоқан дәл осы мамандандырылған бөбектер үйінен кеткен. Оны 8,5 айлық нәресте кезінде француз ханымы Каролина Лебрард бауырына басып, аналық мейірімін төгіпті.

Каролинаның айтуынша, қандасымыз туған жері Қазақстан екенін кішкентайынан біліп өскен. Биыл туған еліне қыдырып келгенде, ең алдымен сәби шағында қамқорлық танытқан тәрбиешілерімен жүздесуді қалапты. Асырап алған анасы ұлының ойын екі етпей орындап отыр.

Каролина Лебрард, Шоқанның анасы: «Шоқанды бір көргеннен ұнатып қалдым. Маған жоғарыдан бір белгі бергендей болды. Қазір Қазақстанға келгенімізге 1 аптадай уақыт болды. Қазақтардың қонақжайлылығы балам екеуімізді тәнті етті. Балама әсіресе, манты тағамы ұнады. Өзінің қандастары секілді етті жақсы көреді. Енді базар аралап, ұлттық киім сатып алып өзімізбен алып кетеміз деп отырмыз. Түркістан қаласына да бармақшымыз».

Ал тәрбиешілер болса, мәре-сәре. Шоқанды ыстық ықыласпен қарсы алды, оған жатқан кереуетін, ойнаған бөлмесін көрсетіп, тобын аралатты.

Шоқан қазір 11 жаста. Франциялық аты – Мерхиор-Шоқан. Францияда еліміздің түкпір-түкпірінен асырап алынған қазақ балаларымен жақын араласатын көрінеді. Қазір тек француз тілінде сөйлегенімен, соңғы 2 айда анасы оның ана тілін үйренуіне жағдай жасаған.

Каролинаның айтуынша, сәбиді Францияға алып кету үшін құжат рәсімдеуде қиындықтар көп болған. Өйткені, Каролина тұрмыс құрмаған. Бүгінде телевизия саласында жұмыс істейтін жалғызбасты ана Шоқанды өзі тәрбиелеп отыр. Бүгінде бөбектер үйінде Шоқан сияқты шетелге кетіп жатқан балалар жоқтың қасы. Оларды негізінен, өз отандастарымыз асырап алуда.

Шымкент қалалық мамандандырылған бөбектер үйінде бүгінде 80 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Оның 17-нің мүмкіндігі шектеулі, ал 25-і асырап алу кезегінде тұр. Жыл басынан бері 33 ұл-қыз бөбектер үйінен басқа отбасылардың қамқорлығына берілген.

Айя Мүтәлі