Күллі әлемді тамсандырған Франция

360

Мінеки, жұмыр жер жұртшылығын жіпсіз байлап, сиқырымен арбаған футболдан әлем чемпионаты да аяқталды. Ең таңдаулы 32 команда қатысқан додада Франция футболшылары жеңімпаз атанды. Француздар Мәскеудің «Лужники» стадионында өткен финалда Хорватия құрамасын 4:2 есебімен ойсырата ұтты. Ойынның 18-минутында Манджукич өз қақпасына гол соғып алып, хорваттар есеңгіреп қалғандай көрінген. Бірақ, қайтпас-қайсар мінезімен дараланған Далич шәкірттері 28-минутта есепті теңестіріп кетті. Перишич айып алаңының маңынан тамаша гол салды. 38-минутта Гризманн пенальтиді дәл орындап, француздарды алға шығарды. Екінші таймда Дешам шәкірттері қайратына мініп, 59 және 65-минуттарда Погба мен Мбаппе бір-бірден гол салды. Хорваттар Льористің қателігінен кейін доп айырмасын қысқартуға ғана қабілетті болды. 69-минутта Манджукич көзге түсті. Осылайша, Франция құрамасы тарихта екінші рет футболдан әлем чемпионы атанды.

Жиырма жылдан кейінгі жеңіс немесе тарихи сәйкестіктер
1998 жылы Франция құрамасы өз алаңдарында өткізілген доп додасында тұңғыш рет чемпион атанғанын жанкүйерлер біледі. Міне, араға 20 жыл салып, сол жетістік қайталанды. Бізді таңғалдырғаны, осы екі мундиалда да Францияға қатысты ұқсас оқиғалар көп. Ендеше, оқыңыз.
Қазір кейбір футбол жанкүйерлері Франция құрамасының шабуылшысы Оливье Жируды жиі сынап жүр. Ең осал ойыншы деп есептейді. Тіпті, бас бапкер Дидье Дешамды осы шабуылшыны таңдағаны үшін сынағандар да көп болды. Бірақ, бапкер өз ұстанымынан бас тартпады. Жируды негізгі құрамда алаңға шығарды. Сұңғақ бойлы, ірі денелі, нағыз француз Жиру да шама-шарқынша әрекет етті. Оның негізгі міндеті – өткір шабуыл өтінде қорғаушыларға қысым жасап, Гризманн мен Мбаппеге әуедегі доптарды алып беру. Нәтижелі пас шығару. Бұл тапсырманы сәтті орындады. 7 матч бойы 546 минутта қарсылас қақпаға гол салмақ түгілі қақпаға бірде-бір тура соққы бағыттамаған шабуылшы да әріптестерімен бірге әлем чемпионы атанды. Бұны неге айтып отырмыз?


Осыдан 20 жыл бұрынғы әлем чемпионатында Франция құрамасында Стефан Пьер Ив Гива́рш деген ойыншы тер төкті. Бұл жігіт 6 ойынға қатысса да, мергендігімен көзге түсе алмады. Француздардың сол кездегі бас бапкері Эме Жаке Гиваршты өткір шабуыл өтінде ойнатып, жартылай қорғаушыларға «жол ашып беруші» міндетін жүктеді. Ол болса, Зидан, Анри және Джоркаефф бастаған жігітердің көзге түсуіне үлес қосты. Бір қызығы, сол жұлдызды құраманың капитаны болған Дидье Дешам араға 20 жыл салып ұстазының әдісін пайдаланды. Жируды өткір шабуылға қойды. Гиварш пен Жиру да – француз ұлтының өкілдері. Екеуі де бойшаң әрі сары жігіттер. Екеуіне де 9-шы нөмір берілді. Екеуі де гол салған жоқ. Сәйкестік пе? Сәйкестік.
Оң қапталдан биыл жиырмаға енді толатын, аса талантты жас ойыншы Мбаппе жасындай жарқырады. 4 доптың авторы атанды. Сөйіп, Пеледен кейінгі финалда гол соққан ең жас ойыншы ретінде танылды. Ал, 1998 жылы жиырмадан енді асқан Анри де қаптал арқылы шабуылдап, 3 гол салған болатын. Сәйкестік пе? Сәйкестік.
1998 жылы Франция құрамасы өз тобындағы үшінші кездесуде Даниямен ойнады. Ол кезде де алғашқы 2 кездесуде 6 ұпай алып қойған болатын. Сондықтан бұл жолы да жиырма жыл бұрынғыдай негізгі құрамдағы бірнеше ойыншыны тынықтырып алды. Нәтижесінде топта Франция – бірінші, Дания екінші орынға ие болды. Жиырма жыл бұрын жартылай финалда Франция Хорватияны жеңген. Сол кездесуде бұрын құрама сапында гол салып көрмеген қорғаушы Тюрам көзге түсті. Ал, биылғы жартылай финалда Бельгияның қақпасына Юмтити гол салды. Ол да қорғаушы. Сәйкестік пе? Сәйкестік.


Атақты қақпашы Бартезді білмейтіндер кемде-кем. Тәуір ойын-шы болса да, кейде жас баланың қателігін жасайтын. Ал, Францияның қазіргі қақпашысы әрі капитаны Льористің де ондай «әдеті» бар. Финалда Манджукичтің аяғына доп салып бергенін еске түсірсеңіз де жетіп жатыр. 20 жыл бұрын әр кездесу алдында қорғаушы Блан әріптесі Бартездің жалтыр басын сүйетін болса, биыл Гризманн Рамидің мұртын сипады. Мұны командалық сәтті ырымдардың бірі деуге болады.
Қысқасы, сәйкестіктер мен ұқсастықтар көп. Дегенмен, бұның бәрі қызықты деректер ғана. Ең бастысы, Франция осы мундиалға керемет дайындалды. Ойыншылары пісіп-жетілді. Шеберліктерін шыңдап, әлсіз тұстарын бекемдеді. 2014 жылғы әлем біріншілігінде француздар ширек финалда Германиядан жеңілген. Топтан суырылып шыққанымен, шешуші сәтте тәжірибе жетпеді. Ал, 2016 жылғы |Еуропа чемпионатын Дешам шәкірттері мен «үш жолақтылардың» жанкүйерлері ауыр өкінішпен еске алатыны сөзсіз. Себебі, кездескен қарсылас атаулыны қиратып келе жатқан франциялықтар финалда Португалияға есе жіберіп алды. Өз алаңында, өз жанкүйерлерінің алдында барын салғандарымен сәттілік серік болмады. Әйтпесе, Францияңыз жеңіске лайық еді. Қақпаға соққы бағыттау, допты бақылауда ұстау, бұрыштама тебу, қауіпті сәт туындату көрсеткіші бойынша алаң иелері 2 есе басым болған-ды. Оның үстіне Дешамның көкжалдары тынымсыз шабуылдауды, үстін-үстіне гол салуды ұнататын. Атойлап жүріп қорғанысты ұмытып кететін. Ал, Ресейдегі доп додасында бұл құрама басқа тактика ұстанды. Ол былай: бірінші минуттардан атойлап алға шаппайды. Қарымта шабуыл мен стандартты жағдайларды өте жақсы пайдаланады. Бір гол салып алып, қорғанысты нығайтады. Уақыт созу, қарымта шабуыл арқылы қысым жасауды керемет меңгерген. Қарсыластың еркін көсілуіне ешқандай мүмкіндік бермейді. Тіпті, азулы Уругвай мен Бельгияңыз өз ойындарын жоғалтып, шабуылшылары тісінен айрылған арыстандай күй кешкенін бәріміз көрдік. Яғни, қорғаныс, жартылай қорғаныс және шабуыл шебі өздеріне берілген тапсырманы дәлме-дәл және ыждағаттылықпен орындады. Қатал тәртіп пен командадағы өзара сыйластық, бапкердің кемеңгерлігі мен ойыншылардың шеберлігі осы жеңіске жетеледі. Алаң ортасында Канте мен Погба толық үстемдік құрды. Қапталдардан Мбаппе пен Матюди сынды оғландар жасындай жарқырады. Эрнандес, Павар, Юмтити мен Варан сынды қорғаушылар тас қамалдай берік болды. Тіпті, соңғы үшеуі бір-бір голдың авторы атанып та үлгерді. Ал, Гризманн Зиданның орнын жоқтатпай, көшбасшылық міндетті абыроймен атқарды деуге негіз бар. Қақпашы Льорис те бірнеше тамаша сейвтер жасап, сенімді ақтады. Жируды жоғарыда айттық.
Франция құрамасының жеңісті жолына қысқаша тоқталсақ, топтық кезеңде Австралияны — 2:1, Перуды — 1:0 есебімен жеңіп Даниямен тең түсті (0:0). 1/8 финалда азулы Аргентинаны — 4:3 есебімен жеңсе, ширек финалда Уругвайдан 2:0 есебімен басым түсті. Ең тартысты әрі қиын болған жартылай финалдық матчта Бельгияның қақпасына жалғыз голды салды. Финалда Хорватияны жеңді. Францияның бас бапкері Дидье Дешам футболшы әрі бапкер ретінде әлем чемпионы атанған тарихтағы үшінші спортшы болды.

Месси мен Роналду – елге, Хорватия мен Бельгия – төрде!
Соңғы он жылда дүниенің ең мықты ойыншысына берілетін «Алтын доп-ты» кезек-кезек алып жүрген Месси мен Роналдудің жанкүйерлері өте көп. Өкініштісі, екі аңыз ойыншы да әлем чемпионатында топ жара алмай жүр.
Биыл небір жұлдыздарды жинап алған Аргентина топтық кезеңнен сүйретіліп әрең шықты. Бірақ, плей-офф кезеңінде Францияға қарсы тұра алмады. Аса тартысты кездесуде 4:3 есебімен жеңіліп, елге ерте қайтуға мәжбүр болды. Мессидің әлем чемпионы атану арманы тағы 4 жылға шегерілді. Бір қызығы, дәл сол 30 маусым күні Мессидің бақталасы – Роналду де мундиалмен қош айтысты. Португалия сайыпқырандары Кавани мен Суарес бастаған Уругвайдан жеңіліп қалды. Осылайша, жұрт мақтаған жұлдыздар жүлдесіз оралуға мәжбүр болды. Келесі мундиалда Месси 35-ке, ал, Роналду 37-ге толады екен. Бұл жаста топ жару – өте қиын. Дегенмен, бәріне уақыт – төреші.
Есесіне, осы чемпионатта Хорватия мен Бельгия әлем жұртшылығының қошеметіне бөленді. Алақандай жерде орналасқан және халқы 4 миллионнан әрең асатын Хорватия топтық кезеңде Аргентинаны 3:0 есебімен талқандады. Исландия мен Нигерияны да айқын ұтты. Плей-оффқа шыққаннан кейін Дания, Ресей, Англия құрамаларынан басым түсті. Жеңіліп жатып, есепті теңестірді. Тіпті, жеңіс голын соқты. Үш кездесуде де 120 минуттан ойнап, жігерлі екендерін дәлелдеді. Команда капитаны Модрич әріптестерін алға жетелеп, ғажап пастарымен тамсандырды. Енді әлемдік фубол тарихында Модрич, Перишич, Субашич, Ракитич, Ловрен, Стринич, Вида, Ковачич, Манджукич, Врсалько, Брозович сынды азаматтардың аты-жөндері мәңгілік сақталады. Жігіттерін жігерлендіре білген Хорватияның президенті Колинда Грабар-Китарович те спорт тарихына енетіні анық. Қарапайымдылығымен дараланған саясаткер ханым ұлты үшін аянбайтын жанкүйер екенін аңғартты. «Шақпақ жейделі» жігіттер үшін күміс жүлденің өзі үлкен абырой.
Негізі осы чемпионаттағы финалға дейінгі финал ертерек өтіп қойды. Бельгия мен Бразилия арасындағы тайталас ел есінде мәңгі сақталатыны анық. Футбол атты ұлы спорттың барлық тәсілдері мен әдістерін паш еткен қос құрама шабуыл дегеннің қандай болатынын көрсетті. Бұл сында Бельгия 2:1 есебімен басым түсті. Испания азаматы Мартинес баптайын Бельгия құрамасы өз тобындағы Панама, тунис және Англия құрамаларын тізе бүктірді. Одан кейін Жапония мен Бразилияны елдеріне қайтарды. Француздардан жеңілген соң қола жүлде үшін бәсекеде Англияны 2:0 есебімен жеңді. Сөйтіп өз тарихында тұңғыш рет футболдан әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды. Ал, ағылшындарға бұл жолы тәжірибе жетпеді. Осы чемпионатта ең көп гол салған (16) Бельгияның Де Брейне, Куртуа, Азар, Лукаку, Шадли, Дембеле және өзге де жұлдыздары елдеріне мақтанышпен оралса болады. Өйткені, қола жүлде алу да оңай емес.

Ресейдің жетістігі һәм африкалықтардың өкініші
Ресейдегі әлем чемпионатында алаң қожайындары үздік 8 команданың қатарына енді. Черсесов баптайтын құрама үшін бұл – үлкен жетістік. 1991 жылдан бері әлем чемпионатында Ресей былай ұзақ шауып көрмеген.
Топтық кезеңде Сауд Арабиясы мен Египетті жеңген орыстар 1/8 финалда Испаниядан пенальти сериясы бойын-ша басым түсті. Ал, ширек финалда хорваттарға тегеурінді қарсылық танытып, пенальтиден ғана есе жіберді. Демек, алаң иелері үшін тапсырма орындалды.
Жалпы, чемпионатта 169 гол болды. Бұл көрсеткіш жөнінен үшінші орынға шықты. Голдардың 43 пайызы стандартты жағдайлардан салынды. Финалда 6 голға куә болдық. Мұндай көрсеткіш 1966 жылдан кейін енді қайталанып отыр. Бұған дейінгі 4 финалда салынған голдарды Франция мен Хорватия бір матчта салды. Тағы бір қызығы, Манджукич финалда өз қақпасына және қарсылас қақпаға гол салды. Льористің қателігі де бұрынғы финалдарда кездеспеген. Пенальтилер мен автоголдар саны жөнінен де осы додада рекорд орнатылды. Бұл ретте бейнеқайталау жүйесінің тұңғыш рет енгізілгенін де айта кеткен жөн. Осы қайталау арқылы талай сәттерде әділ шешім қабылданды. Пенальтилер белгіленді.
Ресейдегі доп додасы Еуропа құрлығының командалары үшін аса сәтті болды. Ширек финалда «кәрі құрлықтың» 7 командасы өнер көрсетті. Жүлденің бәрін еуропалықтар еншіледі. Плей-офф кезеңіне Оңтүстік Америкадан — 4, Солтүстік Америка мен Азия құрлығынан жалғыз командадан шықты. Ал, Африка құрлығынан бірде-бір құрама топтан шыға алмады. Сенегал, Нигерия, Марокко құрамаларына бармақтай бақ жетпеді.
2014 жылғы әлем чемпионы тобынан шыға алмай, чемпиондардың «дәстүрін» жалғастырды. Бұған дейін Испания, Италия құрамалары да чемпион болғаннан кейінгі додада топтан шыға алмаған еді.
ФИФА президенті Джанни Инфантино Ресейдегі әлем чемпионатын тарихтағы ең үздік мундиал деп атады. Доп додасын стадиондардан 3 млн жанкүйер тамашалады.
Чемпионаттың үздік ойыншысына берілетін «Алтын допқа» Хорватия құрамасының жартылай қорғаушысы Лука Модрич ие болды. Француз дарыны Килиан Мбаппе ең үздік жас ойыншы атанса, 6 гол салған ағылшын Харрий Кейн үздік шабуылшы ретінде марапатталды. Бельгия сайыпқыраны Тибо Куртуа үздік қақпашы деп танылса, Испания құрамасына fair play арнайы сыйлығы берілді.
Осылайша, бір айға созылған футболдан әлем чемпионаты да тарих қойнауына еніп кете барды. Келесі аялдама – Катар. Бізді алаңдататыны, қазақтың жігіттері жаһан біріншілігінде қашан доп тебеді? Қазақтың көк туы қашан футбол бәсекелерінде жоғары көтеріледі? Әнұранымыз қашан шырқалады? Бұл сұрақтың жауабын ешкім білмейді. Білетініміз – көк жәшікке телміріп, Гризмандар мен Модричтерге тамсанған қаракөз балалардың арасында болашақ футбол жұлдыздары бар. Тек соларды көре білетін көз, баптай білетін бапкер болса дейміз. Франциядағы ұлы той Қазақстанға да бұйырғай!

Ұласбек Есіркеп

«Оңтүстік Рабат» газеті

№29, 18 ШІЛДЕ 2018 ж.