Оңтүстіктің тауларында тағы екі турист құтқарылды. 31 — шілдеде сағат 15:55-те шұғыл кезекшілерге Төлеби ауданы Біркөлік ауылынан хабарлама келіп түскен. Ол жерде Атырау қаласының 1996 және 1999 жылдары туылған екі турист Біркөлік шатқалындағы тауға шығып, өздігінен түсе алмай қалғандығы туралы айтылған еді.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына жедел-құтқару жасағының 5 құтқарушысы шығып, сағат 17:50-де оқиға орнына жетіп, сол мезетте құтқару жұмыстарына кірісті. «Рой» атты іздестіру иттің көмегімен тез арада бағытты анықтап, кешкі сағат 20:00-де құтқарушылар құздан аман-есен туристерді түсірді.
Жас жігіттердің хал-ахуалдарды бірқалыпты болғандықтан, медициналық көмекті қажет етпеді. Жылдың басынан бері бұл таудағы 4-ші оқиға, осы уақыт аралығында 6 адам құтқарылып, оның ішінде 2 бала болған, оларға дәрігерлік көмек көрсетілген.
Құтқарушылар облыстың тұрғындары мен қонақтарына ескертеді! Тауға шығар алдын бағытты мұқият зерделеу қажет және бұл туралы жедел-құтқару жасағына тәулік бойы жұмыс істейтін 54-93-04 немесе Құтқару қызметінің 112 телефондары арқылы хабарлау қажет. Бұл жерде бағыт туралы, жүріп өтудің бақылау уақыты мен байланыс дабылдары туралы барлық қажетті ақпаратты алуға болады.
Тіпті тауға бір күнге баратын туристерге құтқарушылар таудағы қауіпсіз жүріс-тұрыс шараларын мұқият оқып-үйренуді және қолайлы аяқ киім мен киім таңдауды, міндетті түрде жылы киімдерді, ұялы телефонға қосымша қуат көздерін, қол шамды және алау жағу үшін құралдарды алуды ұсынады.
Қасымхан Хамытбек