Ғ. Әбдірахымов: «Мұғалімдерге үй сатып алуға көмектесу керек»

376

2018-2019 оқу жылы басталуына санаулы күндер қалды. Бұл күнді ұстаздар қауымы мен оқушылар ғана емес ата-аналар да асыға күтеді. Себебі, әрбір оқу жылының өзіндік ерекшелігі, жаңалығы болады. Бұл жылдың жаңалығы қандай? Не өзгереді? Бұл жайында дәстүрлі түрде өтетін білім қызметкерлерінің Тамыз кеңесінде айтылды.


Күнгейде өткен бұл жылғы Тамыз мәслихаты алдыңғыларына қарағанда өзгерек. Оның ерекшелігі биыл аталмыш шараның Шымкент және Түркістан қалаларында өткізілуінде. Осылайша, Республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған мегаполистің ұстаздары алғаш рет облыстан дербес өздерінің Тамыз кеңесінде бас қосты. Онда қалалық білім бөлімінің осы кезге дейінгі жеткен жетістіктері сараланып, басқарма ретіндегі алдағы жоспарлары жайында сөз қозғалды.

Шымкент қаласының орта балы 83,6
– Білім саласының басты көрсеткіші, мұғалімдер жұмысы үшін берілетін басты баға ол – білім сапасы екендігі баршаға белгілі. Ал сапаға қол жеткізу үшін бірінші кезекте – мұғалімдердің біліктілігі талапқа сай болуы керек,- дейді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайхан. Оның айтуынша, Шымкенттік ұстаздар үшін бұл бағытта барлық жағдайлар жасалуда. Мәселен, жаңа мазмұнда білім беру бағдарламасына сәйкес, бүгінгі күнге дейін педагогтардың 89%-ы (12 973) біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Үш тілді білім беру бойынша 956 мұғалім тілдік курстарда біліктіліктерін жетілдіріпті. 2017-2018 оқу жылынан бастап қаламыздағы 43 мектепте пилоттық режимде физика, химия, биология және информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылуда. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында мектеп оқушыларының IT білімдерін, программалау және компьютерлік технологияларды меңгеруі мақсатында қаладағы 3 мектепте (№23,24,77) ІТ сыныптары ашылған.
Білім беру бағытында қолға алынған жүйелі жұмыстардың нәтижесін ҰБТ көрсеткішінен аңғаруға болады. Мәселен, 2018 жылы Шымкент қаласы бойынша 7 987 оқушы жалпы орта мектепті аяқтап, соның 5422-і ҰБТ-ға қатысқан еді. Ұлттық бірыңғай тесттің қорытындысы бойынша Шымкент қаласының орта балы 83,6-ны құраған.
Тестілеудің нәтижесінде 2 оқушы – 138 ұпай, ал 1597 оқушы 100 балдан жоғары жинаған. Бітіруші түлектердің ішінде «Үздік аттестатты» 202 оқушы, «Алтын белгіні» 287 оқушы иеленді.
Қала бойынша орта балл есебінен ең үздік мектеп қатарында №65, 26, 90, 38, 80, 23, 47, 79, 129, 86 білім ұялары бар.

 

2018-2019 ОҚУ ЖЫЛЫН

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ
БОЙЫНША:

133 ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕП

8 ҚОСЫМША
БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫ

459 БАЛАБАҚША ЖҰМЫСЫН БАСТАЙДЫ

2 ЖАҢА МЕКТЕП
ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

2 МЕКТЕП ҮШ АУСЫМДА
БІЛІМ БЕРЕДІ

 

МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ КӨБЕЙЕДІ

Әрине, бұл жетістіктердің мұғалім еңбегінің жемісі екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Соған сәйкес, олардың жалақысы да жылдан жылға көбейіп отыр. Мәселен, педагогтарды аттестаттаудың жаңа форматына сәйкес, 2018 жылы ұлттық біліктілік тесттен өткен 36 мұалім «Педагог-шебер», 711 мұғалім «Педагог-зерттеуші», 446 мұғалім «Педагог-сарапшы», 361 мұғалім «Педагог-модератор» біліктілік санаттарын иелену үшін тиісті құжаттарын тапсырған.

ЖАЛПЫ ОҚУШЫ САНЫ – 
178 297
ОНЫҢ 22000-Ы
1-ШІ СЫНЫПҚА БАРАДЫ

Тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиясының шешіміне сәйкес, осы педагогтардың лауазымдық жалақысы еңбек өтіліне сәйкес 18 000 – 40 000 теңгеге дейін көбейеді.
Басқарма басшысы Ақерке Абылайханның баяндамасын мұқият тыңдаған қала әкімі білім саласын жетілдіру бағытында бірқатар ұсыныс жасады.
Ұстаздар қауымын баспанамен қамтамасыз ету соның – бірі.
– Біз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жетекшілерімен кездесіп, бұл мәселені талқылаған болатынбыз. Менің ойымша, бастапқы жарнаны төлеу үшін тұрғын үй сертификатын қарастыра аламыз. Қайрат Ырзақұлұлы, бұл мүмкіндікті қарастырыңыздар, – деп тапсырды қала әкімі өзінің бірінші орынбасарына.

14 567 мұғалім бар
1554 мұғалімнің жалақысы
30-50
пайызға артады

БАЛАБАҚШАЛАР ТЕКСЕРІЛМЕК


Келесі кезекте Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласы оқушыларының білім нәрімен сусындауына ешқандай кедергі болмауы үшін қалада кемінде жыл сайын 5 мектеп салынуы керек деді. Өйткені, мектеп ғимараттарының жетіспеушілігі мегаполис үшін өзекті мәселенің бірі. Оған үш ауысымда білім беретін мектептер дәлел. Сандарды сөйлетсек, Шымкентте үш ауысымда білім беретін мектеп саны – екеу. Алайда бас педагогтың мәліметінше, бұл білім ошақтарының саны 13-ке (№1,9,16,23,42,45,49,53,56,65,72,92,112) арту қауіпі бар. Осыдан-ақ, Шымқалада демографиялық өсімнің жоғары екенін аңғаруға болады. Сондықтан да қала әкімінің бұл ұсынысы орынды-ақ. Бұдан бөлек Ғабидолла Әбдірахымов мектеп асханалары қатаң бақылауды қажет ететінін тілге тиек етіп, осы бағытта жүйелі жұмыстардың жүргізілуін тапсырды.

3-ші,6-ші,8-ші сыныптарды оқулықтармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд 962 млн теңге бөлінді

Жиын барысында колледждер мен балабақша мәселесі де назардан тыс қалмады. Арнайы шақыртылған шетелдік сарапшылар колледждердегі білім сапасын көтеру мақсатында жаңа жоспарларын ұсынса, қала әкімі қаладағы барлық балабақшаны қатаң тексеруге бұйырды.
– Ең алдымен, балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту қажет. Ойыншықтардың саны мен сапасын арттыру, дәмді және пайдалы тағамдармен қамтамасыз ету баса назарға алынуы тиіс, – деп атап өтті Ғ. Рахматоллаұлы.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған талаптардың үдерісінен шыға алмаған және ғимараты талапқа сай келмейтін мектепке дейінгі білім ұйымдары мен қалалық әкімдік арасындағы келісімшарт тоқтатылып, оларға мемлекеттік тапсырыс берілмейтін болады.
Тамыз кеңесінің пленарлық отырысын қорытындылаған қала әкімі жиын соңында үздік мұғалімдерге Алғыс хаттар беріп, алдағы оқу жылына табыс тіледі.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат» газеті

№35, 29 ТАМЫЗ 2018 ж