«Абылай ханның қара жолы» экспедициясы күнгейге табан тіреді

577

«Абылай ханның қара жолы» экспедиция құрамы Оңтүстікке табан тіреді. Экспедиция 17 – қыркүйек күні Бурабайдағы Абылай хан алаңынан жолға шыққан болатын. Олар Көкшетау – Ақмола – Ұлытау – Түркістан бағытымен жүріп өтуді көздеген. Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерекесі қарсаңында жүзеге асқан жобаның мақсаты анық.

Экспедиция мақсаты – Абылайдың қара жолы бойындағы көне қорымдарға зиярат ету. Сонымен қатар, халық аузында сақталған аңыз-әңгімелермен тарихи маңызы бар деректерді жинақтау. Нәтижесінде бұл сапар барысын баяндайтын арнайы жинақ шығарылып, деректі фильм түсіріледі деген экспедиция жетекшісі жоба атауының да мән-мағынасын түсіндіріп берді.

Мұрат қажы ЫДЫРЫСҰЛЫ: «Абылай ханның қара жолы» жобасының жетекшісі: «Көбі мына қара деген сөзден шошынып жатыр. Бұл сөздің мағынасы жаман емес. Қара деген сөз – қасиетті қара шаңырақ, қасиетті қара даңғыл, киелі, кең деген мағынаны білдіреді. Яғни, қазақ халқының қолданысындағы асыл сөздердің бірі».

Тарихи маңызы бар экспедиция мүшелері күнгейде Түркістаннан бастап, Отырар төбе, Хан қорған сынды бірнеше киелі мекендерді аралаған. Айтуларынша сапар басталғалы көзбен көріп таңдай қаққан ерекше жаңалықтарға куә болып келеді екен.

Экспедиция құрамы жүріп өтер жолдың жалпы қашықтығы шамамен 3700 шақырымға жуық. Бұл үш жүздің басын қосқан ұлы ханның ел жұртын сақтап қалудағы еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттаудың бір жолы. Айта кетейік бұл сапар 27 қыркүйекте Астана қаласында аяқталады.

Жанерке Хумар