Күнгейде «Түйемұрындық» дәстүрі дәріптелді

145

Күнгейде ел арасында ұмытылар шегіне жеткен ұлттық құндылықтар ұлықталып жатыр. Дәлірегі, облыстық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Арыс аудандық мәдениет үйі игі жобаны қолға алды.

Бастама аясында, халқымыздың қазынасы — салт-санамыз бен дәстүр-жоралғымыз қайта жаңғырып, қоғамға қолданысқа енуі құнтталады. Кезекті ғұрып — «Түйемұрындық» туралы тың ақпараттарды біз де тыңдап, танысып қайттық.Түйенің қомдалуы, жастардың сейілі, қыздың сыңсуы, ақ жаулықты аналар мен аға буынның ақ баталары. Бір қарағанда, кәнігі отандық кинофильмдегі көрініс — ұзатылар қыздың жасауы мен жолы дерсіз. Бірақ, бұл — халқымыздың ұмытылар шегіне жеткен ұлттық құндылығы — «Түйемұрындық».  Осылайша салт-санамыз бен дәстүр-жоралғымыз Арыс ауданының аумағында қайта жаңғырды.

Игі жоба — көрініске Арыс ауданының жас пен жасамысы, тұрғындары да қуана атсалысты. Ал ұйымдастырушы тарап — облыстық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Арыс аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бұл жоралғының қазіргі қоғамдағы маңызын қаузады.

Жәнібек Тағаев, облыстық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры: «Менің ойымша, бұл дәстүр қазіргі қоғамға ауадай қажет. Көбіне қаланың аумағында түйе мен жылқыға отырып, өз жұртымен қоштасуға мүмкіндік бола бермеуі мүмкін. Бірақ, аталған ғұрыпты заманауи түрде қолданысқа енгізуімізге әбден болады. Темір тұлпарды да жасандырып, жолай «түйемұрындық» сұрап, сый-таралғыны еншілеу деген сияқты».

«Түйемұрындық» — ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілей батасын беріп, жол тілесіп тарасады.

Ел арасынан осылай деп естіп-білген қауым бұл жоралғыны қайталай, ұсынды. Ал кезінде көз көрген, бұл дәстүрдің куәгері болған аға буын «Түйемұрындықтың» түсінім- тарихын тарқатуды ұмытқан жоқ.Гүлсім Оспанова, көпбалалы ана, Еңбек ардагері: «Түйемұрындық» бергенде қыздың төркіні құдаларға қызды ғана емес, түйені де береді. Ал түйенің ботасын өздері алып қалады. Араға жылдар салып, қызы үйіне баласын көтеріп, өз күйеуін ерте келгенде, жаңағы ботаны бұл жақ немересіне атап, бәсіре ретінде беріп жіберетін болған».

 

Қыз жұртының қадір — қасиетін құрметтей, келіншек көшінің киесін көркем кейіпте көрсететін бұл дәстүр-дүние қазіргі қоғаммен үйлесім табуы — бүгінгі толқынның талғам-таңдауында. Десе де ұйымдастырушылар қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірде құндылықтың қолдау тапқанын қалайды. Ал мәдени шара соңында, «Түйемұрындық» дәстүрін дәріптеуге атсалысқан ағайын арнайы марапатталып, алғыс хатқа ие болды. Оларға ұлттық аспап — домбыра сый-таралғысы тапсырылды.

Мөлдір Бекеева