Шымкентте нан қымбаттады

1376

Шымкентте ас атасы нан – 10 теңгеге қымбаттады. Осылай деп дүрліккен тұрғындар мәселенің мән-жайын білгісі келіп журналистерге жүгінді. Қаланың бірнеше дүкендерін аралап шыққан біз нан бағасының шынымен де қымбаттағанына көз жеткіздік.

Мәселен, 16-17-18 шағынаудандарда орналасқан кішігірім дүкендерде  нан 60-65 теңгеден саудалануда. Дүкен иелері мұны, наубайханашылардың бағаны көтеруімен байланыстырып отыр. 

Алена Ганцгорн, дүкен иесі, жеке кәсіпкер:»Бұған дейін бөлке нан – 46 теңгеден келетін, үстіне 4 теңге қосып сататынбыз. Ал тандыр нанды 60 теңгеден өткізетінбіз. Нан пісіретін наубайхана иесі жұма күні келіп, нанның бағасын қымбаттатқанын айтты. енді бөлке нанды – 65 теңгеден, тандырды – 75 теңгеден сатып жатырмын».

Биылғы жылы жауын шашын аз түсіп, қуаншылық болғаны мәлім. Десек те тамыз айының соңында басталған егін жинау науқаны әлі де аяқталған жоқ. Болжам бойынша еліміз бойынша астықтың жалпы жиналымы – 20 млн.тонна болады деп күтілуде. Десек те, наубайхана иелері астықтың түсімі нашар деп бағаны қазірден бастап қымбаттатып жіберіпті.

Икрам Темірсейтов, жеке кәсіпкер: «Бұған дейін бидайды – 35 теңгеден алдық. Қазір – 50 теңгеден сатылуда. Себебін сұрасақ, қуаңшылық дейді. Өнім аз шығыпты. Тасымалы тағы бар. Сондықтан да қымбат. Ал біздің жергілікті бидайымыз ұн тартып, нан пісіруге жарамайды. Тек малға азық ретінде беріледі екен. Сол себепті, жергілікті бидай көлемі нан бағасына әсер етпейді».

Ал, қалалық кәсіпкерлер басқармасы бағаны бақылай алмайтындарын айтады. 

«2016 жылы келісім бойынша, наубайханашыларға әлеуметтік ұн жеткізілетін. Соның есебінен нанның бағасы тұрақты болды. Енді әлеуметтік ұн берілмей жатыр. Сондықтан, наубайханашылар ассоциациясы нанның бағасын көтермесек болмайды деп шырылдап отыр.  Себебі шығын өтелмейді».

Наубайханашылар ассоциациасынан басқа қаладағы нан бизнесін қадағалайтын бірде-бір құзырлы мекеме жоқ. Онда да ассоциация жеке кәсіпкерлердің жұмысын бақылағанымен, шектеу қоя алмайды.

«Бұрында ұнды 3100 теңгеден алсақ, қазір 3800 теңгеден аламыз. Ол кезде жалпы шығындар – 54,5 теңге болса, қазір 55 теңгеден асып отыр. Сатушылар үстіне 5 теңге қосып 60 теңгеден сатады. Одан көп қоса алмайды».

Айта кетейік, бүгінде шымкенттіктерді ас атасымен қамтамасыз ететін 40 наубайхана бар. Және дастарханымыздағы нан бағасы басқа өңірлерге қарағанда, әлдеқайда арзанырақ екен.