Облыстың білім беру сапасы 77-ші орында

95

ҚАЛА МЕН АУЫЛ МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ ЖЕР МЕН КӨКТЕЙ
Облыс әкімі Жансейіт Түймебев Түркістан қаласында өткен облыстық Тамыз кеңесінде осылай деді.


– 2017-2018 оқу жылының қорытындысына сәйкес, Түркістан облысы білім беру жүйесінің сапасы әлем бойынша 77-ші орында тұр. 2019-2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 30-шы орынға көтеру керек. Десек те, облыстың ұстаздары бұған дайын емес. Себебі, кейбір ауыл мектептерінің педагогтары бастауыш, негізгі және жалпы орта білім берудің жаңа мемлекеттік стандарттары бойынша сабақ өте алмайды. Арасында критериалды бағалудың не екенін түсінбейтіндері де, компьютерде жұмыс істей алмайтындары да бар. Өкінішті, бірақ мойындау керек, қала мен ауыл мұғалімдерінің мүмкіндіктері жер мен көктей,- деді облыс басшысы.


Жиналғандар болса, кемшіліктерді жою және көздеген межеге жету үшін ұстаздар қауымына мейлінше қолайлы жағдай жасау керек екенін айтты. Осы ретте облыс әкімі «білім сапасын көтеру үшін ешқандай кедергілер болмауы керек. Мектептер талапқа сай, оқулықтар жеткілікті болуы шарт. Ал ұстаздар қауымының қағазбасталықтан арылып, артық жұмыстарға тартылмағаны жөн»,- деп шегеледі.

2018-2019 оқу жылында
Түркістан облысы бойынша:

907 мектеп

94 колледж

1 381 балабақша жұмысын
бастайды

Жалпы оқушы саны — 473 000

1-ші сыныпқа — 54 915-і барады

4200 педагтың жалақысы көбеймек

қысымдау және гидравликалық сығымдау жұмыстары
1289 білім беру
мекемесіне жүргізілді

154 автобус оқушыларды
тасымалдайды

Өкініштісі сол, тәжірибеге келгенде барлығы басқаша. Мәселен, өңірде мектеп тапшылығы сезіледі. Салдарынан, кейбір ауыл тұрғындарының балалары көрші ауылға қатынап, оқиды. Ал базыбір мектептер үш ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр.
Оқулық мәселесіне келгенде де осындай кемшін тұстар бар. Жылда министрліктегілер оқушылар 100% кітаппен қамтамасыз етіледі дегенімен, перзенттеріне оқулықты сатып алып беретін ата-аналар көп. Әсіресе, балалары мектеп алды даярлық тобына баратын ата-аналар осы мәселемен жиі шағымданады. Өкпесі қара қазандай ата-аналардың қатарында 4-ші, 9-шы, 10-шы, 11-шы сынып оқушыларының әке-шешелері де бар.
Мұғалімнің жүктемесіне қатысты да шағымдар көп. Ұстаздардың баланы оқытудан бөлек, айналысатын сан мың жұмысы барын айтпаса да түсінікті. Осындай олқылықтардан соң білім сапасының жоғары болуы екі талай, әрине.
Десек те, облыс әкімі Жансейіт Қансейтұлы мен облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовтың сөзіне сенсек, биылғы оқу жылы басқаша болмақ. Яғни, 2018-2019 оқу жылында ұстаздарды, оқушылар мен ата-аналарды бірқатар өзгерістер күтіп тұр.

ӘЛІ 184 МЕКТЕП САЛУ ҚАЖЕТ
Ащы болса да бұл шындық. Демографиялық өсім жағынан республика бойынша алдыңғы қатардағы күнгейде мектеп тапшылығы мәселесі күн тәрбінінен түскен емес. Мәселен, биыл мектепке баратын оқушылардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда әлде қайда көп. Сандарды сөйлетсек, өткен жылы Түркістан облысы бойынша 455 мыңға жуық оқушы білім алса, биыл олардың саны 18 мыңға артқан.
– Облыста демографиялық өсім байқалады. Бұл мектепке баратын оқушылардың саны жылдан жылға артып отыр дегенді білдіреді. Сәйкесінше, оқушылар үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Есептеуімізше, облыста 3 ауысымдық мектеп мәселесін түбегейлі шешу үшін әлі де 184 білім ұясын салу керек. Бұдан бөлек апатты деп танылған мектептерді жөндеп, кішкентай ғимараттар кеңейтуді қажет етеді,-дейді Исатай Сағындықов.
Осы ретте басқарма басшысы, биылғы оқу жылына 4 жаңа мектептің пайдалануға берілгенін, 40 білім ошағының күрделі жөндеуден өткенін мәлімдеді. Осылайша, биыл апатты — 9, үш ауысымды — 5, орын тапшылығы бар — 10, ыңғайластырылған — 13 мектептің және 3 колледждің мәселесі шешіліпті.
Исатай Сағындықовтан білгеніміз, күнгейде мектеп пен ауылдың арасы 3 км-ден асатын 145 елдімекен бар екен. Ондағы мектеп жасындағы бала саны –11 623. Олардың 1034-і мектеп жанындағы интернатта оқиды. Мектептері ауылынан алыс орналасқан оқушылар үшін арнайы автобустар қарастырылған. Дегенмен білім басқармадағылардың мәліметінше, көлікке деген қажеттіліктің әлі де бар екені сезіледі. Қолдағы ақпаратқа сенсек, Қазығұрт , Мақтарал Сарыағаш, Ордабасы, Төлеби аудандары мен Түркістан қаласының шет жағында орналасқан ауылдарға автобустар керек. Облыс әкімі болса, оқушылардың білім алуына көліктің жоқтығы себеп болмауы керек екенін айтып, аталмыш аудандардың автобуспен қамтамасыз етулін өз бақылауына алатынын жеткізді.

ОҚУЛЫҚҚА 4,9 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ
2018-2019 оқу жылының басты ерекшелігі 3-ші, 6-шы және 8-ші сыныптардың жаңартылған білім мазмұнымен оқитындығы. Бүгінгі таңда аталмыш сынып оқушыларын жаңа мазмұндағы кітаптармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 4,9 млрд. теңге бөлінген. Оның 4,8 млрд. теңгесі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға, 64 млн. теңгесі оларды тасымалдауға жұмсалыпты. Тамыз кеңесінде баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов осылай деді. Оның айтуынша, жаңартылған білім мазмұнына көшкен 1-ші, 2-ші, 3-ші, 5-ші, 6-шы, 7-ші, 8-ші сыныптың оқушылары 100 пайыз оқулықпен қамтамасыз етіледі. «Аталған сынып оқушыларын кітаппен қамтуға кітап қоры жеткілікті. Егер мектепте кітап жетіспеушілігіне қатысты қандай да бір шағым болса білім басқармасының сенім телефондарына хабарласуға болады. Ал, қалған 4-ші, 9-шы, 10-шы, 11-шы сыныптың оқушылары биыл қолда бар кітаптарды амалдап оқиды. Себебі, бұл сыныптар үшін жаңа кітаптар келер жыл басылады»,-деді ол.
Айта кетейік, 2018-2019 оқу жылында жаңартылған мазмұндағы оқулықтармен 3-ші, 6-шы, 8-ші сыныптар оқиды. Бұған дейін, 2016–2017 оқу жылында жаңартылған мазмұнға 1-ші сыныптар, 2017–2018 оқу жылында — 2-ші, 5-ші, 7-ші сыныптар көшкен болатын.

МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ АРТАДЫ
Білім жүйесінің жаңа мазмұнға көшуі мұғалімдердің мойнына үлкен жүк артты. Енді олар болашақтың тізгінін ұстап, елімізді дамытатын, көркейтетін заманауи жастарды тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатуы керек. Ол үшін өздері де сол талапқа сай болуы қажет. Сондықтан да облыстың ұстаздары біліктілігін арттырыру үшін жыл сайын курстарға, шеберлік сабақтарына қатысады. Мәселен, бүгінгі таңда біліктілігін жетілдіріп, үштілді меңгерген 1000-нан астам мұғалім мектептерде орыс, қазақ және ағылшын тілінде сабақ өтуде. 10 мыңға жуық педагог біліктілігін арттыру курстарында оқып жатыр.
Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, біліктілігін жетілдіріп, жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасымен сабақ өтетін мұғалімдердің лауазымдық жалақысы 30-50%-ға артады.
«Одан бөлек, биылғы жылдан бастап мұғалімдердің жүктемесі азаяды. Яғни, мұғалімдер қағазбастылықтан арылады. Білім және ғылым министрінің арнайы бұйрығына сәйкес, мектеп мұғалімі тек 5 құжатты (журнал, күнделік, балаларды сумативті-формативті бағалау, күнтізбелік және пәндік жоспар) толтыруға міндетті. Ал ондай болмаған жағдайда, мектеп басшылығының үстінен арыздана алады екен.
Сондай-ақ, биылдан бастап мектеп мұғалімдері ҰБТ-дан босатылатын болады.
Бұдан бөлек Түркістан қаласына көшіп, осындағы жалпы орта мектепке жұмысқа орналасқан мұғалімге:
— қосымша 20 пайыз үстемеақы;
— 3 айлық сауықтыру ақысы;
— «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер беріледі.
Сонымен қатар, Ресейдегі М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасына оқуға 3 ұстазға жолдама қарастырылған»,- деді Тамыз кеңесінің пленарлық мәжілісін қорытындылаған Ж.Түймебаев.
Айтпақшы, жиын барысында үздік оқуға арналған «Білім бук» құрылғысы мен мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға арналған «Sitcen» жобасы туралы да айтылды.
«Білім бук» құрылғысы — ноутбук немесе планшеттің рөлін атқарады. Яғни, оқушы сабақты ойын, түрлі тапсырмалар арқылы орындайды. Ол ойнап отырып, білім алады. Әзірге оның 1500 данасын шығарылған. Егер бұл құрылғы арқылы оқушының білім үлгерімі артса, барлық оқушыда осындай бір-бір білім бук болады екен.
Ал «Sitcen» жобасына келер болсақ, бұл — педагогтар арасында жұмыс іздеу және жұмыссыздық пайызын төмендетуге арналған жоба. Бұл жүйе арқылы мектеп директорлары, мұғалімдер және педагогикалық жоғарғы оқу орындарының түлектері қай мектепте қанша және қандай пән бойынша мұғалім керек екенін көріп-біледі. Осылайша бос орынға өтінішті үйден шықпай-ақ, онлайн түрде тапсыруға мүмкіндігі бар.
Жиын соңында облысқа еңбегі сіңген бір топ ұстазға ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісімен, облыс әкімінің грамотасы, Алғыс хаты табыс етілді.
Сондай-ақ, Ж.Қ.Түймебаев аудан мектептерінің ұйымдастырған көрмесін аралап шықты.

Анықтама: 2018-2019 оқу жылына пайдалануға берілген жаңа мектептер:
— Арыс қаласы, Шаян елді мекенінде 200 орындық орта мектеп;
— Мақтарал аудан, Ақтөбе ауылдық округінде 300 орындық №126 жалпы орта мектебі;
— Сайрам ауданында 600 орындық №74 жалпы орта мектеп
— Түлкібас ауданында «Майлыкент» жалпы орта мектебі.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті

№35, 29 тамыз 2018 ж