Шардарадағы диқандар арасындағы қанды оқиғаға қатысты тағы 4 күдікті қамауға алынады

77

Шардара аудандық соты Достық ауылындағы атысқа күдікті деп танылған 4 азаматты қамау туралы сырттай санкция берді. Төртеудің барлығына бірдей ҚР ҚК — нің 99 бабы 2-ші бөлігі, 1,6,7,9 тармақтарымен, яғни, «екі және одан көп адамды өлтіру, бұзақылық пиғылмен айналадағыларға қауіп төндіру, топтанып қылмыс жасау», 287 баптың 4-ші тармағымен, яғни, «заңсыз қару сақтау», 293 баптың 3-ші тармағымен, «қару пайдалану арқылы бұзақылық жасау» бойынша айып тағылды.

Бұл туралы Шардара аудандық сотының координатор судьясы Сапархан Омаров мәлімдеді. Төртеуі де Шардара ауданының тумалары, бұрын сотты болмаған. Барлығы да тергеу кезінде екі айға қамауға алынатын болды.

Айта кетейік, күдікті төртеуін де полиция қолға түсірген жоқ. Кісі өлімінен кейін із суытып, жасырынып үлгеріпті. Іздестіру және құрықтау үшін барлық қажетті іс шаралар жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, 7 — қыркүйек күні Шардара ауданы Достық ауылында егіс даласында диқандар арасында қанды кикілжің болған еді. Жүк тасымалымен айналысқан 22 жастағы жігіт көз жұмған болатын. Оқ тиген тағы екеу түрлі дене жарақатын алған. 10 шы қыркүйек күні екі күдікті қолға түскен болатын.

Жанар Есенбекова