Жыныстық құлдықтың құрбандары

2018 жылы өңірімізде адам саудасының құрбаны болып, көмекке жүгінгендердің саны артқан. Бұл ойланатын мәселе. «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы мамандары осылай дейді. Орталықтағылар биылдың өзінде полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып облыс бойынша 93 адамды құлдықтан құтқарған. Бұл жолғы мақалада сол азаматтардың бірінің оқиғасына тоқталуды жөн көрдік. Өзгелерге сабақ болсын деген ниетте.

ТАНЫСЫ ОРҒА ЖЫҚТЫ
Виктория Алматы қаласына жақын орналасқан ауылдардың бірінде тұрады. Жасы 24-те. Тұрмыс құрмаған. Күндердің бірінде кейіпкеріміз өзінің құрбысымен бірге көңіл көтеру үшін түнгі клубқа барады. Бірнеше сағаттан соң қыздар үйіне қайту үшін сыртқа шыққанда, бір жігіттің қайта-қайта «Виктория!» деп өзін дауыстап шақырғанын естиді. Сол жақа қарай бет бұрып, барған кезде көршісі Алексейді (аты өзгертілген) көріпті. Екеуі амандық-саулық сұрап, біраз әңгімелесіп тұрып қалады. Кейіннен Алексей Виктория мен оның құрбысын үй-үйіне жеткізіп салмақ болады. Қыздар бірден келісе кетеді. Алайда Викторияның құрбысын үйіне жеткізген соң Алексей оған түнгі Алматыны аралауға ұсыныс жасапты. Түнгі қаланы аралаудың соңы немен аяқталатынын Виктория қайдан білсін? Есінде қалғаны, Алексеймен бірге сыра ішкені ғана. Кейіннен ұйықтап кеткен. Оянғанында Алексей: «Уайымдама, үйіңе жақындап қалдық», деп сендіріпті. Виктория қайта ұйықтап, есін Шымкентке келгенде бір-ақ жиған. Кейіпкеріміздің сөзіне сенсек, Алексей оның сырасына ұйықтататын дәрі қосып берген көрінеді.

Азапқа толы жеті күн…
Виктория есін жиған кезде көліктің ішінде Алексеймен белгісіз бір әйелдің сөйлесіп отырғанын байқайды. Қыздың оянғанын көріп, олар біреулерге телефонмен хабарласып, сол кісілердің айтқан мекенжайына барады. «Олар бізге бір күн түнеп шығуға баспана тауып береді», деп Алексей Викторияны тағы бір өтірігіне сендіреді. Пәтерге барған кезде бұларды өзге әйел қарсы алып, қызды бір бөлмеге қамап қойыпты. Ал Алексей кетіп қалады. Пәтер иесі келіп Викторияға «Мен сені сатып алдым, енді сен маған жұмыс істейсің!» деп есікті тарс жабады. Қалтасында не телефоны, не құжаты жоқ Виктория осы кезде танысым деп жақын тартқан адамының жауыз екенін, ешқайда қашып құтыла алмайтынын түсінеді.
«Сана сезім» орталығының мамандарынан білгеніміз, қызды ұрып-соғу арқылы жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Тіпті, айтқандарын орындамаған кезде ас-ауқат бермей қинаған көрінеді. Осылайша, кеше ғана ойнап-күліп жүрген Виктория бір түннің ішінде «түңгі көбелекке» айналып шыға келді. Бір апта бойы жеңгетайлардың дегенімен жүрген кейіпкеріміз ары қарай шыдай алмай әрекетке көшеді. Яғни, «Жеңгетай» тауып әкелген кезекті клиенттердің біріне оқиғасын айтып түсіндіріп, құқыққорғау органдарына хабарлауын өтінеді. Клиент дәл солай жасайды. Түркістан облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмыстарға қарсы күрес басқармасы қызметкерлері хабарламаны ести сала, айтылған мекенжайда операциялық шараларын жүргізеді. Нәтижесінде, полицейлер бұл бордельді қоршауға алып, құлдықта жүрген қызды құлдықтан босатады.

Раушан Худайшукурова, адам саудасының құрығынан құтылғандарға арналған уақытша баспана жетекшісі:

– Полиция қызметкерлері түн ішінде Викторияны бізге алып келді. Қыз қатты қорқып қалған екен, денсаулығы да мәз емес болатын. Оқиғасын айтқан кезде бірден «сізді ешкім іздемеді ма?» деп сұрадық. Анық болғандай, қыздың анасы жоқ, әкесі басқа отбасымен өмір сүреді. Ал Виктория кәрі әжесінің қолында тұрған. Бауырлары да ер жеткен, бірақ ақша табу үшін жан-жақта жалданып жұмыс істейді екен. Сол себепті қызды іздейтін ешкім болмаған да. Негізі өз тәжірибеме сүйеніп айтатын болсам, қатыгездер дәл осындай аз қамтылған отбасыдан шыққан немесе жетім-жесілерді өз құрығына түсіреді. Бұл оқиғада да дәл солай. Қызды сатып жіберген танысы құрбанының тұрмыстық жағдайын өте жақсы білген, оны ешкім іздемейтініне сенімді болды деуге болады.

«Қызды сатқандар, сатып алғандар жазасыз қалды»…
Иә, қыз құтқарылды, алайда, Викторияның тәнін саудаға салғандар ешқандай жазаға тартылмапты. Раушанның айтуынша, қылмыстық іс қозғау үшін бірнеше рет талпыныс жасаған, бірақ қылмыстық іс қозғалмай, істі жауып тастайды. «Біреулер дәлел жеткіліксіз деді, бірі полиция қызметкерлері операция барысында қателіктерге бой алдырды деді, не болса да соңында қызды сатқандар, оны сатып алды дегендер де судан таза, сүттен ақ болып шықты», дейді Раушан. Орталық мамандарының айтқан осы оқиғасынан кейін бойды еріксіз үрей билейді екен. Бұл дегеніміз қылмыскерлер жазсыз бостандықта жүр дегенді білдірмейді ме?! Кім біледі, мүмкін дәл қазір, дәл Виктория сияқты қанша қыз жыныстық құлдықтың азабын көріп, үйіне орала алмай отыр. Қорқынышты. Өкінішті…

Түркістан облысында 6 айда 630 адам көмекке жүгінген
Бұл өңірімізде болған оқиғалардың бірі ғана. Мұндай оқиғалар көп,-дейді орталық мамандары. «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік қызметкері Раушан Худайшукурованың мәліметінше, біздің өңірде еңбек құлдығы және жыныстық құлдыққа түсетіндер көп екен. Тіпті, басқа өңірлермен салыстырғанда Түркістан облысында бұл проблема өзектілігін жойған емес. Оның басты себебін ол біздің облысқа Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдерден жұмыс іздеп келетін еңбек мигранттарының көптігімен байланыстырады. Раушан Худайшукурованың мәліметінше, былтыр орталыққа көмек сұрап хабарласқан адамдардың саны биыл жарты жылда хабарласқан жандардың санынан екі есеге көп. Соңғы екі жылда Түркістан облысы аумағында 93 адам құлдықтан құтқарылған. «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы ұсынған дерекке сенсек, өткен жылы орталықтың қауырт желісіне 299 адам көмек сұрап жүгінсе, биылдың алғашқы алты айында 630 адам хабарласқан екен.
– Бұл көрсеткіштерге қарап адам саудасы бұрын аз болды, қазір көбейіп кетті де деуге болмайды. Қазір адамдардың көзі ашылды, сауаты бар. Көбі көмек сұрап хабарласады. Бұрын бізді көбі біле бермейтін. Қазір өз ісімізбен дәлелдеп жүрміз, сондықтан халық та бізге сенеді, дейді Раушан.
Айта кетейік, «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы 2001 жылдан бері: сот әділдігіне қол жеткізу, адам саудасын тоқтату және еңбек миграциясы сынды үш бағытта жұмыс істейді. Орталықта психолог, әлеуметтік қызметкер, заңгер бар. 2016 жылдан бастап, орталық жанынан адам саудасының құрығынан құтылғандарға уақытша пана болар баспана ашылған. Оның қайда орналасқанын орталық басшылығынан басқа ешкім, тіпті полиция қызметкерлері де білмейді екен.
Қоныстанушылар тегін тұрады. Айта кету керек, уақытша пана тек ҚР азаматтарына ғана арналған. Баспанада адам саудасының құрбандарына 7 түрлі: психологиялық, әлеуметтік, еңбекті, медициналық, мәдениет, білім және заңгерлік көмек көрсетіледі. Тиісті органдармен тығыз жұмыс істейді.

Шахноза Хасанова, «Сана сезім» әйелдер баста-маларының құқықтық орталығының вице-президенті:

– Қоныс-танушылардың көбі қыз-келіншектер. Оларды жезөкшелікке мәжбүрлеген. Олар содан арланып, үйіне оралуға бата алмайды. Кейбірі тіпті оралмайды. Барлығының дерлік білімі жоқ. Сондықтан біз облысымыздағы түрлі мекемелермен тығыз жұмыс жасаймыз. Яғни, құрбанның білімі болмаса қосымша тегін курстардан өтеді, «еліне қайтпаймын» деп шешсе, мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болуға, егер баласымен келсе, баланы балабақшаға немесе мектепке орналастыруға, мәдени іс-шараларға қатыстырып, кәдімгі өмірге қайтаруға көмектеседі,-дейді.

Маманнан маңызды кеңес
Адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Кез келген азамат адам саудасының құрбанына айналуы әбден мүмкін. Біз бұл жолы жыныстық құлдықтың құрбаны туралы жаздық. Ал мамандар дәл осы тамыз-қыркүйек айларында еңбек құлдығына түсіп қалатын азаматтардың қатары артады деп отыр. Сондықтан, «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының вице-президенті Шахноза Хасанова адам саудасының шеңберіне қамалып қалмау үшін бірқатар сақтандыру кеңестерін айтып берді.

Бейтаныс адам болсын, досың болсын мейлі шет елден, мейлі өз елімізде болсын, «бір айда байып, үй, машина аласың» деп ұсыныс жасаған кезде сеніп, чемодан жинаудан бұрын бәрін жіті тексеру керек;
Жұмыс берушімен арада келісімшарт түзіп, құжатта ол қандай жұмыс, айлығы қанша, күніне неше сағат жұмыс істейді, қайда тұрады деген сынды сұрақтардың жауабын айқындап алу қажет. Келісімшартты екі нұсқада шығарып, бірін өзінде, бірін жұмыс берушіге беру міндетті;
Барлық құжатыңыздың, визаңыздың, төлқұжатыңыздың жоқ дегенде екі көшірмесін жасатып алыңыз. Оның біреуін өзіңізбен алып жүріңіз. Ал екіншісін туыстарыңызға қалдырыңыз. Бұл – құжаттарыңызды тартып алса немесе жоғалтып алсаңыз керек болады;
Қайда және қандай жұмысқа барсаңыз да, құжатыңызды ешкімге бермеңіз. Өйткені құжатыңыз болмаса, сіз кім екеніңізді дәлелдей алмайсыз. Полицияға арыз жаза алмайсыз;
Жұмысқа кететін болсаңыз, туыстарыңыз сіздің қайда, кіммен кетіп бара жатқаныңызды толық біліп отырсын. Барлығын айтыңыз. Міндетті түрде, тек туыстарыңызбен сіз ғана түсінетін кодтық сөз тауып қойыңыздар. Өйткені, сізді адам саудасының құрбаны еткен азамат, тустарыңыз күдіктеніп қалмауы үшін, телефонмен сөйлесуге рұқсат береді. Бірақ қорқытып, үрейлендіріп, пышақ не қандай да бір қару тақап тұрады. Кодтық сөз — туысқаныңызға берген сигналыңыз болады;
Шет елге жұмысқа баруға бел бусаңыз, сол елдегі Қазақстан елшілігінің қайда орналасқанын және телефон нөмірлерін жазып алыңыз. Кез келген Қазақстан елшілігі өз азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Паспортыңыз болмаған жағдайда, уақытша ақ паспорт беріп, елге қайтуыңызға көмектеседі;
Турфирмаларға алданып қалмаңыз. Турфирмалар тек лицензиясы бар болса ғана, еңбек визасын бере алады. Ал олар ұсынатын туристік виза тек уақытша беріледі. Егер мерзімінен өтіп кетсеңіз, заң бұзған болып есептелесіз. Өңіріміздегі барлық турфирманың тізімі бізде бар. Бізге хабарласып, еңбек визасын беруге құқы бар ма, жоқ па, сұрап білуіңізге болады.
Мүмкіндік туды ма, полицияға, тіптен болмаса алдыңыздан шыққан адамға жағдайыңызды түсіндіріңіз.

Әлия Әділбек

«Оңтүстік Рабат» газеті

№35, 29 ТАМЫЗ 2018 ж.