Әнші Гүлмира Қалыбекова елге есеп берді

ҚР Мәдениет қайраткері, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі — Гүлмира Қалыбекова елу жасты еңсеріп, елге есеп берді. Өнер иесі «Өмірді әнмен өрнектеп» атты шығармашылық кешін өткізіп, тыңдармандарына ән-тартуын жолдады. Сахнаға 30 жылын сарп еткен әншіні ҚР Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың өзі құрметпен құттықтай келді.

Сахна төрінде — ҚР Мәдениет қайраткері, Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның әйгілі әншісі — Гүлмира Қалыбекова. Бірақ өнер иесінің бұл күнгі әні мен сәні, жандүниесі, жүрегі де — қуанышқа кенелген. Үлкен қобалжуды сезініп, тыңдармандарына деген құрметін де байқадық. Күнгейліктер Мәдина Ералиева мен Бибігүл Төлегенованың бүгінгі көрінісі, дүлдүл дауысының қазіргі қалпы деп танитын әнші бүгінде елу жасты еңсеріп, елге есеп берді. Сахнаға сарп еткен 30 жылын да осы кеште еске алып, жылдардың жемісі мен жеңісін түгендеді.

Гүлмира Қалыбекова, әнші: «Үлкен қобалжуды сезінгенімді жасырмаймын. Елдің алдында есебімді беріп, арқамнан жүк түскендей әсерде тұрғаным тағы бар. Менің арманым — Бибігүл Төлегенованың күллі шығармаларын орындап, елге дәріптеу, жұртшылықтың жүрек төрінен орын алу».

Кеш кейіпкерін мерейтойымен құттықтап келушілердің қарасы көп болды. Өз тыңдармандарымен қатар, өнердегі әріптестері де арнайы бұрылған. Құрметті қонақтар арасында Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов та бар. Өнер иесі бұл кеште жәй емес, ән-тартуын сыйлады.

Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның Халық әртісі: «Гүлмира Қалыбекованың — өнерде өз өрнегі бар. Дауысы да ерекше. Мен осы филармония ұжымындағы барлық әншіні қолдауға қай кезде де әзірмін. Себебі, барлығымыз осы өнердің өркендеуіне, өрлеуіне сеп болып жүрміз. Егер, қазақ өнері өссе, бұл — біздің жетістігіміз».

Сахна төрінен Гүлмира Қалыбекованың өнердегі әріптестерімен қатар, өнер жолын қуған перзенттері де көрінді. Асыл аналарын мерейтойымен құттықтап, құрметке бөледі. Айта өтейік, бүгінде елу жасқа толып, сахнадағы 30 жылына осылай есеп берген әншінің қоржынында 100-ге тарта тұщымды туындылары бар.

Мөлдір Бекеева