Балалар арасындағы «Қазақ романсиадасы-2018» байқауы мәресіне жетті

102

Шымкентте балалар арасындағы облыстық «Қазақ романсиадасы-2018» байқауы өтті. Дәстүрлі конкурсқа кәсіби білім алатын үміткерлер ғана емес, талантын таразылауға ниетті жасөспірімдер де жолдама алған. Осылайша, барлығы 21 өнерпаз қазақ және орыс тілдерінде қос шығармадан орындап, бекзат өнердің биігін бағамдады. Ал қатысушылардың қабілет-дарынын 3 адамнан құралған қазылар алқасы — кәсіби мамандар бағалады.

Алексей Скибин, «Қазақ романсиадасы» байқауының көркемдік жетекшісі: «Бұл байқаудың өзге де өнер жарыстарынан ерекшелігі сол — тек балалардың қабілеті жететін ғана емес, әлемге әйгілі күрделі шығармалар да орындалады. Және тек жанды дауыста ұсынылады, бұл үшін сайысқа қажетті музыкалық аспап пен үнтаяқтың тек кәсіби жасағы қарастырылып отыр. Бұл — өнер бәсекесінде тек шынайы таланттың сүзіліп, шын жүйріктің оза шабатынының дәлелі».

Сонымен, балалар арасындағы облыстық «Қазақ романсиадасы» байқауында бас жүлдені Аманжол Жолыбеков жеңіп алды. Сондай-ақ, дәстүрлі өнер жарысында топ жарған таланттар енді айдың соңында ересектер арасында өтетін «Қазақ романсиадасы -2018» байқауының қорытынды кешіне қатысып, өнерін паш етуге мүмкіндік алды.

Мөлдір Бекеева