Прокурорлар мемлекетке 850 млн. теңгенің мүлкін қайтарды

102

Түлкібас ауданының прокуратурасы заң бұзушылықтарды анықтап, мемлекет қазынасына 850 млн. теңгенің мүлкі қайтарылды. Кемербастау ауылдық округі мен Түлкібас кентін сумен қамтамасыз ету жүйелерін жалға беру кезінде заңсыздықтарға жол берілген.

Нақтырақ айтқанда, аталған коммуналдық меншіктерді әкімдер ешқандай ашық мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізбестен «Ел ынтымағы» ЖШС-не келісімшарт жасасу арқылы жалға берген. Осылайша Заң талаптарын өрескел бұзуға жол берген әкімдіктерге шара көрілген.

«Кемербастау ауылдық округінің су құбыры жүйелерінің баланстық құны 205,5 млн. теңге, Түлкібас кентінің – 645,1 млн. теңге. Аудан прокуратурасының ұсынуы бойынша заңсыз жасалған келісімшарттар бұзылды, 850,6 млн. теңге мүлік мемлекетке қайтарылды» деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.