Шымкентте шағал тас төсеу жұмыстарының үшінші кезеңі басталды. Бұл жолы 23 шақырым топырақ жолға тас төселеді. Сала мамандарының айтуынша, жыл басынан бері шаһардағы 370 көшеге шағал тас төселіпті, ол 202 шақырымды құрайды.

Жауын шашында батпаққа батпайтын болдық деп қуанғандардың бір бөлігі «Достық» шағынауданының тұрғындары. Шағал тас төсеу жұмысының үшінші кезеңі дәл осы аймақтан басталыпты. Шағынаудандағы алты көшеге шағал тас төселеді.

Шағынаудан тұрғындары: «Мұнда мекен еткенімізге 4-5 жыл болды. Шағынауданнан қалаға қатынау өте қиын. Біз ересектер ебін тауып жүреміз ғой, бірақ балалар үшін өте қиын» дейді.

Естеріңізге салар болсақ, Шымкенттің былтырғы әкімі қаладағы топырақ жолдарды жоюға уәде берген еді. Содан бері 202 шақырым топырақ жолға шағал тас төселген. Жұмысты қолдап шаһардың қазіргі басшысы 370 млн. теңге қаражат бөліпті. Сала мамандарының айтуынша, қомақты қаржы игеріліп, үшінші кезеңі жалғасып жатыр.

Қайрат Баймендиев, Қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Қаладағы топырақ жолдар жылдан жылға азайып келеді. Енді 190 көше қалды. Бірақ жаңа көшелер қосылмайды деп айта алмаймыз».

Шымкент қаласындағы жолдардың 64 пайызы асфальт, 4 пайызы топырақ жол. Қалған бөлігі тақтайдай тегіс болмаса да, жүріп тұруға жағдай жасалып жатыр.

Нұрлан Күдерұлы