Шымкенттегі зообақ жаңа аң-құстармен толықты

974

Күнгейде күн суыта бастады. Алайда, ол хайуанаттар бағындағы аң-құстарға кедергі келтірмеген сыңайлы. Дәлірек айтсақ, осындағы біраз аң-құстардың басы артып отыр. Жақында мұндағы «түнгі әлем» павильоны жануарлардың жаңа түрімен толықты.

«Түнгі әлем» павильонының жаңа «тұрғындары» әзірге торға тоғытылған. Хайуанаттар бағындағы жаңа жұптың бірі – кішкентай әрі сүйкімді түлкілер екен. Алғашында бұл жерді жатсынғанымен, бір жеті ішінде жаңа орнына жайғасып, жатырқауды да қойған. Олардың қалқан құлақтары мен бақырайған көздерін келушілер анадайдан-ақ, байқайды. Әсіресе, балалар жүгіріп келіп, жануармен қуана танысып жатыр.Зообақтың жасағына жаңадан енген жануардың бірі – маймыл тектес лори жануары. 2 жаста. Өмір сүру мерзімі – 20 жылға дейін барады. Сондай-ақ, ерекше жануар әдетте ауылды, табиғаты жасыл аймаққа бейім. Бір қарағанда, жәйбасар болып көрінгенімен, қимылдары ширақ және жабайылау, яғни қолға үйретілуге құлықсыз.Түнгі әлем павильонында әзірге жануардың 8 түрі жайғасқан. Түлкі, маймыл тектес лори жануары және жанаттар тұқымдасына жататын жыртқыш сүтқоректі – кинкажу, жарқанаттар, сурикаттың тобыры мен кірпілер де көбейіп жатыр. Сондықтан болса керек, хайуанаттар бағына бұрылған жерлестеріміз аң-құстардың сан түрін көріп, таң-тамаша күйге түскен.Айта өтетін ақпарат, түнгі әлем павильонының ерекшелігі сол – бұл аймақта тек түнде тіршілікке ден қоятын аң-құстар мен жануарлар жайғасқан. Ал күндіз олар табиғаттан көрінбейді, тек тынығады. Тіпті қараңғы түскенде бұл торға жарық жақса, олар дем алуға ниеттеніп, ұйқыға кететінін көресіз.

Мөлдір Бекеева