Дендросаябақтағы жүгіру жолы аяқталуға жақын

38

Қаламыздағы дендросаябаққа демалыс орнының іргетасын қалаушы Асанбай Асқаровтың есімі берілгені белгілі болды. Мұндай шешім үстіміздегі жылдың 23 қазанында қабылданыпты.

Саябаққа қатысты және бір жаңалық мұнда ұзындығы біржарым шақырымдық жүгіру жолы салынып жатыр. Замануи үлгіде қақпасы қаланып, іші жаңаланып жатқан демалыс орнынындағы жұмыстар аяқталуға жақын.

Енді саябаққа келушілердің саны артары сөзсіз. Демалыс орнының шығысы мен батысында жаңадан қақпа салынып, келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Одан бөлек, салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтарға арналып, жүгіру жолы төселіп жатыр. Бұл жаңалыққа бірінші болып, осында жиі келетіндер қуанып жүр.

Көпшіліктің көңілінен шыққан жүгіру жолының ұзындығы 1,5 шақырым, ені 1,5 метрді құрайды. Сала мамандарының айтуынша, бұл жол кәсіби спортсмендерге емес қарапайым халыққа арналған. Жолдың беткі қабаты арнайы жұмсақ материалдармен қапталыпты. Мердігерлер біткен іске 10 жыл кепілдік беріп отыр.

Қызыл төсеніш төселген жолдың бойында шаршағандарға арналған демалатын орындар мен арнайы тренажерлар орнатылыпты. Аяқжолмен неше шақырым жүгіргенін білетін белгілер жазылады деген жоспар бар. Мердігерлер аяқжол құрылысының 90 пайызын аяқтаған.

Нұрлан Күдерұлы