Шымкенттегі «ескі қалашықтың» болашағы қандай?

683

 

Шымкенттегі «ескі қалашық» аталып кеткен шағынауданның болашағы – зор. Күйреп тұрған көне баспаналар сүріліп, орнына көпқабатты тұрғын үйлер салынады. Осылайша, Қошқар ата маңы заманауи жасыл аймаққа айналады. Орта Азиядағы ең ірі субұрқақ та осы маңайдан бой көтеретін болады.  

Ауқымды жобаны іске асыру үшін алдымен жер телімдерін қайтарып алу керек. Әзірге аумақтағы 196 жер теліміндегі нысандар сүрілуге жатқызылды. Яғни, тәуелсіз бағалаушылар тұрғындарға жылжымайтын мүліктердің құнын есептеп береді. Және тұрғындарға заң аясында өтемақы төленетін болады.

 

Салаға жауаптылар жобаның жүзеге асуы келер жылдың сәуір айында басталады, дейді. Меншік иелерінің кейбірі қазірдің өзінде тиісті қаражаттарын алған. Қазір көшуге дайындалып жатыр.

Абдухамит Рашидов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз өркениетті қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бұлақтың айналасы таза, көрікті болуы керек. Халық жаңалыққа жатырқамай, түсіністік танытады деп ойлаймын. Біз баяғыда бұл бұлақтан шөлімізді басатынбыз. Суы – таза, мөлдір еді. Сол жағдайға жеткізуіміз керек. Қошқар ата жағасының болашақ жобасы тіпті туристерді таңдай қақтырады дейді ғой мамандар. Сүрілетін ескі үйлердің орнына тұрғызылатын нысандар да көз тартады екен. Жобаға қарағанда Қошқар ата маңы мен «ескі қалашық» адам танымастай өзгеріп, қала көркіне көрік қосады».

Сайра Амантева, ШӘКК баспасөз хатшысы: «Бұл – өте үлкен жоба. Мақсат – сүйікті қаламызды көріктендіру. Жоба аясында өзен арнасын 12 метрге кеңейту, жағалау аймағын жабдықтау қарастырылған. Ескі қалада саябақ аймағы және демалыс орындары болады».«Ескі қалашықта» бой көтеретін жеке нысандарды салуға инвесторлар тартылмақ. Қошқар ата аумағында шомылуға арналған арнайы алаңшалар салынып, заманауи демалыс орнына айналады. Жобада түрлі коммерциялық нысандар мен балабақшалар салу жоспары да қарастырылған.

Мақпал Рысбаева