Түркістанда тұңғыш рет «Махаббат мұнарасы» мюзиклі қойылды

480

Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-нің Мәдениет орталығында облыстық опера және балет театры «Махаббат мұнарасы» мюзиклінің премьерасын сахналады. Мюзикл облысымызда тұңғыш рет қойылды.

Екі көріністен тұратын «Махаббат мұнарасы» мюзиклі – облысымыздағы жастардың өмірінен алынған махаббат жолындағы адалдық пен батылдық, қызғаныш пен күрес көріністерін суреттейтін заманауи лирикалық шығарма. Мюзиклдің бас кейіпкері Аян таңдаған сүйіктісі Мадина екеуінің махаббатын қорғау үшін ештенеден тайынбайды. Екі жастың арасында қызғаныш туғызған Мадинаның сахнада ән айтуға деген ықыласы мен арманы қос ғашықтың арасындағы келіспеушілікке апарады. Алайда жүрегі жалындаған жастар оқиғасын суреттейтін бұл мюзиклдің барлық кейіпкерлері өз мұратына жетеді.

Мюзикілдің басты кейіпкерлерін театырдың жас әртістері Айгерім Жұмабек, Мәдіхан Дүйсеев, Айбек Қанатбек, Күнімай Исмаилова, Маржан Шәріпхан, Бақытжан Тұрсыманов, Дәмелі Керімбекова, Нұржан Зұлпыхаров, Әлия Алпар сомдауда. Жалпы мюзикілге театрдың 60-тан астам әртістері қатысты.
Шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Ж.Қансейітұлы театр әртістерін тұңғыш рет қолға алынған мюзикл қойылымымен құттықтады.

Мюзиклдің авторлары облысымыздың талантты, өнерлі майталмандары. Мюзиклдің сөзін жазған жас ақын, Бәйдібек ауданының тумасы, облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалінің иегері – Мұқағали Кенжетайұлы.

Мюзиклдің әуенін жазған Мақтарал ауданының тумасы, композитор, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, бірнеше камералық аспапты шығармалардың авторы – Светлана Ахметова. Музыкасын өңдеген Бәйдібек ауданының тумасы, композитор, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, бірнеше кино және анимациялық фильмдердің («Көне жетігеннің сыры», «Томпақ», «Қалқанқұлақ» телесериальдары, «Қазақ елі», «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдері) музыкасын жазған – Руслан Шынықұлов.

Мюзиклді сахналаған Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының қоюшы режиссері Елік Нұрсұлтан, қоюшы-балетмейстер Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ұстазы Гүлжан Даулеткулова. Қойылымның музыкалық жетекшісі, театр директоры ҚР мәдениет қайраткері Әбдіхан Нұрмаханбетов, қоюшы-суретші Даулетияр Балтабаев.