Жолға жауапты мекемелер қысқы маусымға дайын

360

Қаланың жол қызметтері қысқы маусымға дайын. Бүгін «Нұрсәт» шағынауданындағы Әкімшілік-іскерлік орталығы алдындағы алаңда арнайы жол техникасы тексерілді. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов және Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Н. Дербісов арнайы техникалардың қысқа қаншалықты дайын екендігін тексерді.

Көшелерді қалың қардан аршуға төрт бірдей компания жауапты. Олардың арнайы техникасының саны 127 бірлік. Дайындықтары 100 пайыз деген мекеме басшылары, барын тізіп, қала әкіміне көрсетті.

Қаз-қатар тізілген ауыр көліктер: автосамосвалдар, автогрейдер, бульдозерлер және тиегіштер көз жауын алады. Ал олардың аязды күндері қалай жұмыс істейтіні уақыттың еншісінде. Тек белгілісі шаһардағы 584 шақырым жолды қардан тазартуға қауқарлы.

Қалада негізгі деген 189 көше бар. Бұл техникалар сол көшелерді тазалап, мұз тез еруі үшін тұз сеуіп тұрады. Айтпақшы, көктайғақта себілетін 4000 тонна тұз, 23 мың текше метр құм дайындалған.

Мамандардың атқарған жұмысына жоғары баға берген шаһар басшысы міндеттерін мінсіз атқаруға шақырды. Әрі қала тұрғындарының да қамдануын ескертті.

Сондай-ақ, төтеншеліктер де дайындықтарын көрсетіп, қыстың күні жолда ешкімді қалдырмауға уәде етті. Қар түсе сала, тәулік бойы қызмет етіп, шаһар тұрғындарының кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасайтынын жеткізді.

Нұрлан Күдерұлы