Есіл өзені жағасында «Атырау» көпірінің маңында Аяз атаның ертегідегідей резиденциясы ашылды. Оған балалар үйінің 6-11 жас аралығындағы тәрбиеленушілері келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Резиденция алдында оларды қарсы алған аниматорлар квест ойынын ойнатып, пошта бөлімшесіне әкелді. Ол жерде балалар жазған хаттарын жәшікке салды және барлығы отырып ортақ хат жазды. Ортақ хатта Жаңа жылдың жақсылық, қуаныш, бақыт әкелуін тіледі. Бұл үлкен хатты эльф ит жегілген шанамен Аяз атаға алып кетті.

«Жастар» сарайы директорының орынбасары Юлия Амированың айтуынша, балалардың қалауы жазылған сыйлықтар тізімі әкімдікке табыс етілген. «Осы жерде бірінші — алтыншы сыныптарда оқитын оқушылар келді. Балалар үйінің барлық тәрбиеленушілері Аяз атаға хат жазды. Өткен жылы да осылай жасадық, әркім өзі қалаған сыйлығын алды. Біреуі коньки, қуыршақ үйшігін сұрайды, ересек балалардың тілегі күрделі. Мысалы, велосипед сұрайды. Негізінен, қыста балалар коньки, шана, шаңғы алғысы келеді. Бізде Ақкөл кентінің ар жағында өзіміздің мұз айдынымыз бар, оны ересек балалар құяды», — деді балалар үйінің аға тәрбиешісі Татьяна Фенина.

Балаларды Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина мен «Жастар» сарайының директоры Сергей Солодовников Жаңа жылмен және алдағы демалыспен құттықтады.

Хаттарын табыстаған соң балалар ас ішіп, алып алаңда сырғанақ тепті, суретке түсті. Айта кетерлігі, Аяз Атаның ертегідегідей резиденциясы 30 желтоқсанға дейін жұмыс істейді, кіру тегін. Ал «Аяз Атаның поштасы», «Қысқы дала ойын-сауықтары», «Аяз Атаның қонақ бөлмесіне» билетпен кіруге болады.