Борышкерлердің көлігі айыппұл тұрағына қойылады

260

Мемлекеттік кірістер саласы, прокуратура өкілдері мен сот орындаушылары бюджет алдында қарызы бар азаматтарға қарсы рейд ұйымдастыруда. Бұл шара қолға алынғалы қазынаға түспеген 10 млн. теңге қайтарылды. Жауаптылар берешекті өндіру үшін түрлі амал-қарекеттерге баруда. Ескертуден бастап борышкерлердің жеке шоттарына тиым салынады.

Борышкердің үйіне келу мәселені бейбіт шешудегі соңғы жол. Бүгінде жергілікті азаматтардың жалпы қарыз сомасы ондаған миллион теңгені құрайды. Берешекті қайтармаудың түрлі себептері бар. Қалай дегенмен, сот шешімі орындалуы керек.

Дінмұхаммет Айдаров, сот орындаушы: «Борышкерлер түрлі жағдайлармен түсіндіреді. Бірі «ақшам жоқ, бірі жұмысым жоқ» дейді. Енді бірі көлікті сатып, құжаттарын жасатып үлгермеген болып шығады».

Берешекті қайтару үшін сот орындаушылары борышкерлердің есеп шоттарын бұғаттап, шекарадан шығуына тыйым салады және көлікті айыппұл тұрағына қоя алады. Жауаптылар соңғы шараның нәтижелі екенін айтады. Небәрі екі күн ішінде борышкерлерден қазынаға 10 млн. теңге түсті. Бұл сома күн сайын артуда.
Қазына ғана емес, айыппұл тұрақтары да толығуда. Мұнда берешегі көп көлік иелерінің мүліктері қойылуда. Әзірге жол талғамайтын «Лексустың» қарызы қомақты болып тұр.

Ербол Әмірсейітов, Шымкент қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің маманы: «Борышкерлердің бюджет алдында қарызы 911 млн. теңгені құрайды. Көліктер осында берешектер толық төленгенше тұрады. Мемлекеттік кірістер саласы өкілдері мен сот орындаушылары бірлескен рейд шараларын 16 – желтоқсанға дейін жалғастырады. Қорытындыларын сараптап шығып, бұл шаралардың нәтижелі екеніне көз жеткізсе, қайта кірісетін болады».

Мақпал Рысбаева