Дайындық сыныбының оқушысын көлік қағып кетті

87

Көшеде жүру қауіпті болып барады. Күн сайын ондаған жол апаты тіркеледі. Оның басым бөлігіне жылдамдықты шамадан тыс асырған жүргізушілер кінәлі болса, кейде жаяу жүргіншілердің қателігі салдарынан да оқыс оқиғалар орын алып жатады.

Әсіресе жаяу жүргіншілер жолағы жүргізушілер үшін аса қауіпті аймақ саналады. Осы жолақтан кішкентай балалар жүгіріп өткенді қолай көреді. Мұның өте қауіпті екендігін бағамдамайды да. Одан бөлек, көшенің кез-келген аумағынан кесіп өте беретіндер де көп. Салдарынан қайғылы жағдайға әкеп соқтырып жатады… Екі тарап та аса абай болса дегендік еді…

Бүгін Шымкенттегі Қамбарұлы көшесінде «Ауди» көлігінің жүргізушісі алты жасар баланы қағып кетті. Баланың әжесінің айтуынша көлік жоғары жылдамдықпен келе жатқан. Көшені кесіп өтпек болған балаға тоқтап үлгермеген. Зейнеткер баланың соққының салдарынан бірнеше метрге ұшып кеткенін айтып отыр.

Ал жол апатына себепкер жүргізуші болса өзінің перзентханаға асығып бара жатқандығымен түсіндірді. Оқиға орнына жедел жәрдем мен тәртіп сақшылары шақыртылды. Зардап шеккен бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша балада жабық және ашық жарақаттар жоқ.