Úı ANONS «Ерекше жандар» бағдарламасының жүргізушілері Қазақстан рекордтар кітабына енді

«Ерекше жандар» бағдарламасының жүргізушілері Қазақстан рекордтар кітабына енді

«Отырар TV» телеарнасындағы «Ерекше жандар» бағдарламасы үздік деп танылып, жоба жүргізушілерінің есімі Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Мадина Ермаханова мен Ербек Бәкиев — тұңғыш зағип тележүргізушілер атанып, айтулы кітаптың тың тарауларын толықтырды. Маңызды ақпаратты Алматы қаласындағы «Тұран» университеті хабарлап отыр.

Ербек Бәкиев, «Ерекше жандар» бағдарламасының жүргізушісі: «Бұл — біз үшін үлкен жетістік! Үлкен мәртебе! Қазіргі қуанышымды сөзбен айтып, жеткізе алмаймын. Телеарна біздің бірауық жарымжан екенімізді ұмыттырып қана қойған жоқ, біз секілді талай мүмкіндігі шектеулі азаматтың өмірге деген құлшынысын арттырды. Мәселен, өнерге жаны құштар жандардың есімдері мен еңбектерін, шығармашылығын елге танытты. Таланттарын паш етті. Көптеген күрмеуі күрделі жағдайға тап болған мүгедектердің мәселесі де тікелей эфирде талқыға салынып, шешімін тапты. Сала мамандарын да арнайы шақырып, көкейде жүрген көптеген сауалдарға жауап алдық. Елімізде қолға алынып жатқан түрлі танымдық жарыстардың жеңімпаздары да келіп, сұхбат берді. Бастысы, бұл бағдарлама көрерменге тікелей эфирде жол тартқандықтан, әу баста қобалжыдық, уайымдадық. Бірақ, ұжым бізге қолдау білдірді. Қорыта айтқанда, бізді жарымжан деп қоғамнан шеттетпей, тиісінше тележүргізуші ретінде қалыптасуымыз үшін аянбай еңбек етіп, мол мүмкіндік сыйлап келеді. Осы орайда, «Отырар» телеарнасының басшылығы мен ұжымына айтар алғысыз шексіз! Бұл жетістік — ортақ жеңіс деп білемін!».

Айта өтетін ақпарат, «Ерекше жандар» бағдарламасы «Отырар» телеарнасында әр дүйсенбі, таңғы уақытта, тікелей эфирде өрбиді. 15 минуттық тележоба осыдан 2 жыл бұрын жүзеге асқан. Бүгінге дейін 90 хабар жарық көріп, көпшілікке 100-ге жуық кейіпкерді таныстырды.

Мөлдір Бекеева

Exit mobile version