Úı ANONS Перзентсіз отбасы. Өз жұртымен араласпайтын күйеу. Психолог кеңес береді

Перзентсіз отбасы. Өз жұртымен араласпайтын күйеу. Психолог кеңес береді

Күнделікті өмірде адамдардың аянышты да ауыр өмірін болмаса тығырыққа тіреліп қиналып жүргенін көрсек, «тағдыры ғой, маңдайына жазылғаны осы болар» деп өтіп кетеміз. Сол жандардың не үшін мұндай күйге түскенін біріміз білсек ендібіріміз білгіміз де келмейді. Әйткенмен әрбір қиын тағдырдың себебі болары анық. Газетімізде «Тағдыр» айдары ашылғалы өз оқиғаларымен бөлісетін оқырмандарымыз молайды. Бұл жолғы кейіпкерлеріміз тек оқиғаларын ғана баяндап қоймай, қиыншылықтан шығудың жолдарын да білгісі келеді. Сан сауалға жауап таппай қиналған оқырмандарымызға білікті психолог, газетіміздің «Психолог бұрышы» айдарының тұрақты кеңесшісі – Мәди Төлегенов (суретте) жауап берді.

«Баламыз жоқ. Күйеуім қашанға шыдайды?»

Атым – Есенгүл. Жасым 29-да. Тұрмыс құрғаныма төрт жыл болды. Алайда әлі күнге дейін перзентіміз жоқ. Төрт жыл біз үшін ауыр өтіп келеді. Күйеуім өте сабырлы адам. Ешқашан «бала туып бермедің» деген сияқты менің жанымды жаралайтын ауыр сөздер айтқан емес. Сол үшін оған алғысым шексіз. Алайда, жаным жай таппайды. Жатсам-тұрсам баланы ойлаймын. Тіпті түсімде де үнемі қолымда бала болады не бала сұрап жылап жүремін. Күйеуім бір үйден үшеу. Інісі және қарындасы бар. Інісінің 2 ұлы бар. Оларды жақсы көреміз. Қазір көңілімізді сол балалармен жұбатамыз.
Мені алаңдататын бір жағдай бар. Абысыным екеуміздің арамыз жақсы. Бірақ әйел болғандықтан арасында сөзге келіспей жататын кездеріміз жиі болып тұрады. Бірақ соның басым бөлігі осы бала тақырыбында екен. Оны былай түсіндірейін. Алғашында ол балаларын қызғанбайтын. Қазір үшінші баласына аяғы ауыр. Енем ішіндегі баласын маған беруімді айтыпты. Қазақта «майкөтен» деген дәстүр бар ғой. Сол дәстүр бойынша балалы бола алмай жүрген ата-ана жақындарының баласын асырап алса, артынша өздері де балалы болады деген жақсы ырым бар. Енем үшінші баласын бізге беруімізді айтқаннан бастап, абысыным салқындай бастады. Менімен қарым-қатынасы өзгерді. Салқын қабақ танытады. Бұрынғыдай күліп қарсы алмайды. Баласын бергісі келмейді. Оны да түсінемін. Шынымды айтсам, мен де қазір бала асырап алуға дайын емес сияқтымын. Өйткені әлі күнге дейін «өзім ана боламын» деген үміт үзілмей келеді. «Абысын, күте тұрыңыз, әлі де балалы болу мүмкіндігіңіз бар ғой. Асықпаңыздар, дәл қазір сізге бала беруге дайын емеспін. Мені дұрыс түсініңізші» деп жағдайын түсіндіріп айтса, мен мүмкін түсінер ме едім?!
Жоқ, ол олай айтпады. Керісінше бірден өзгеріп шықты. Сондықтан да оған деген ренішім үлкен. «Неге баласын бергісі келмейді, менің жақсы ана болатынымнан күмәні бар ма, баласына дұрыс қарамайды деп ойлай ма, неге баласын бергісі келмейтінін ашып айтпайды?» деген сияқты сауалдар миымды жеп қойды. Сондықтан да оған деген жек көру сезімі оянып жүр. Оны көрсем, іштей рахатсыз күйге түсемін. Кейде тіпті қанша білдірмейін десем де еркімнен тыс оны жақтырмайтынымды сездіріп қоямын. Шынымды айтсам, қазір онымен қоса балаларын да ұнатпай қала беретінді шығардым. Бойымда оны жақсы көруден көрі жек көру сезімі ұлғайған сияқты. Мұның барлығы менің еркімнен тыс болып жатыр. Сондықтан да өз-өзімнен қорқа бастадым. Мұндай жағдайда не істеу керек, тығырықтан қалай шығамын. Жан айқайымды күйеуіме де енеме де айтып жеткізе алмаймын. Күйеуім балалы болуымызға әлі де уақыт бар екенін айтып, асықпауымды өтінеді. Бірақ маған маза бермейтін тағы бір үлкен ой бар. Тез арада балалы болмасам, күйеуімнің де төзімі таусылып, менен кетіп қалатын сияқты көрінеді. Ал, ол кетсе, мен не болатынан ойлағым да келмейді. Онсыз өмір бекер сияқты. Шүкір, бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Әлі күнге оның маған деген сезімі сабыр сақтауына арқау болып келеді. Бірақ, төзімінің шегі бар шығар. Осындай ойлар мені жеп барады. Соңғы кезде менің кесірімнен ұрыс-керіс те жиілеп кетті. Осындай жағдайда не істеуге болады? Бәлкім, психолог кеңесіне жүгінуім керек шығар.

Мәди Төлегенов

«Психолог бұрышы» айдарының тұрақты психологы Мәди Төлегеновтің кеңесі:
Құрметті Есенгүл! Сіздің хатыңызды оқып отырып түсінгенім – сіз көбінесе өз ойыңызды жолдасыңыздың және абысыныңыздың ойы деп айтасыз. Негізінде бұл шын мәнінде сіздің ойыңыз. «Күйеуімнің шыдамы таусылатын шығар» деген дұрыс емес ой да сізден туындаған. Жолдасыңыз осы төрт жыл шыдаса ары қарай да шыдауы мүмкін. Әрине, абысыныңызды өте жақсы түсінуге болады. Қайбір ана өз баласын жақыны болсын, басқаға болсын еш қиындықсыз бере салсын?! Сол себепті де сіз абысыныңызды шынайы түсінуге тырысыңыз. «Күйеуімнің шыдамы таусылады» деген сөзіңізден оның емес керісінше сіздің шыдамыңыз таусылып жатқанын байқап отырмын. Менің сізге айтар басты кеңесім – сізге психологтың консультациясына баруыңызды өтінер едім. Екіншіден, абысыныңызбен қарым-қатынасыңызды жақсарту үшін онымен бірге жақсы ыңғайлы уақыт тауып, сол кісімен ашық сөйлесіңіз. Ішіңіздегі жан айқайыңызды оған түсіндіре біліңіз. Онымен ұстасу тек сізге ғана зардабын тигізеді. Осыны естен шығармаңыз. Мұндай жағдайда ол да адам. Түсінуі әбден мүмкін. Өз ойыңызбен өзгенің ойын ажыратудың бір ғана жолы бар. Ол ешқандай бүкпесіз ашық сөйлесу. Және де күйеуіңізбен бірінші кезекте ашық әңгіме құрыңыз. Сөйлесу арқылы ішіңіздегі жаман ойлардан арылып, ақ-қарасына көз жеткізесіз.

«Күйеуім ұрмайды, бірақ заттарды қиратады»

Атым – Жанар. Күйеуімнің қылықтарынан қатты шаршадым. Сәл ашуланса үйдегі бір затты қиратып барып, тынышталады. Мысалы өткен аптада ғана кезекті ұрысымыз басталды. Қатты ашуланып, одан жалыққанымды, кететінімді айтып киімдерімді жинай бастадым. Алайда ол баяғы әуеніне салды. Менің барлық киімдерімді жинап алды да далаға апарып, бір жерге үйіп, өртеп жіберді. Үнемі осындай. Алдыңғы ұрысымызда ноутбугымды жерге ұрып сындырған болатын. Ашуыңының кесірінен үйімізде дені дұрыс сау дүние қалмады. Теледидарды да қиратты. Анау майда-шүйде ыдыстарды айтпай-ақ қояйын. Кейін өзіне келген соң, тірлігінің дұрыс болмағанын мойындайды. Келесіде мұндай жағдайға бармайтынын айтып сөз береді. Маған қол жұмсамайды, біріқ. Алайда тағы бір рет ашуланғанда берген сөзі де өзі де жайында қалады. Көз алдында не тұрса соны шағып, бүлдіріп барып, жаны жай табады. Оның бұл қылығын түсінбеймін. Психологиялық ауытқуы бар ма? Мүмкін психолог кеңесіне жүгінерміз. Бірақ оған психологқа бар десем ашуланатынын білемін. Не істесем болады?

«Психолог бұрышы» айдарының тұрақты психологы Мәди Төлегеновтің кеңесі:
Құрметті Жанар! Сіздің хатыңызды оқып отырып, өміріңіздің мүлдем оңай емес екенін біліп отырмын. Дәл сіздің жағдайыңызда жолдасыңыз психологиялық жағдайынан емделуі керек. Бірінші кезекте психолог кеңесіне өзіңіз жүгініңіз. Егер жолдасыңыз бармайтын болса, психолог маман сіздің күйеуіңіздің қылығына көзқарасыңызды өзгертуге көмек береді. Күйеуіңіздің бір жақсы жері сізге қол көтермейтінінде. Ол ашуын сізден емес, заттан алып отыр. Бірақ мұнымен оның затты қиратып сындыратыны дұрыс дегім келіп тұрған жоқ. Егер, жолдасыңыз психологқа барса, бұл қылықтарынан арыла алады. Ал, қазіргі таңда сізге айтарым, сабыр сақтаңыз. Ең бастысы сіз дұрыс шешім қабылдаңыз. Күйеуіңізбен әрмен қарай өмір сүруге сенімді болсаңыз, онда міндетті түрде психолог көмегіне жүгініңіз. Мен сіздің хатыңыздан жолдасыңыздан нақты неден ашуланатынын біле алмадым. Сол себепті де арнайы маман кеңесіне жүгіну қажетін айтып отырмын. Дегенмен отбасын сақтап қалуға тырысыңыздар.

«Күйеуім туыстарымен араласпайды. Қайтемін?»

Атым – Балнұр. Төрт баланың анасымын. Жолдасыммен бір-бірімізді сүйіп қосылдық. «Шүкір» деймін, әлі күнге сезіміміз сөнген жоқ. Шаңырағымыздың шайқалмай келе жатқанына бірінші балаларымыз себеп болса, екіншіден әлі күнге сақталған өзара жылулық шығар. Отбасымызда бақыттымыз. Әйткенмен, бір түйткіл бар. Ұрыс-керістің барлығы содан басталады.
Әңгімені басынан тарқатып айтайын.
Ата-анамның жалғыз перзентімін. Күйеуім үйінде үш ұл, екі қыз. Келін болып түскенімде студент едім. Тұңғышымды өмірге алып келгеннен кейін бір жыл академиялық демалыс алуға бел будым. Ата-енем солай кеңес берді. Өйткені, баламды қарап беретін адам жоқ. Бірақ анам ұлымды қарап беретінін айтып, оқуымды жалғастыруымды қалады. Өйткені соңғы курсым еді. Бұған күйеуім де ата-енем де қарсы болған жоқ. Келісімін берді. Қайын жұртым ауылда тұратын. Сондықтан біз күйеуіммен бірге менің оқуым аяқталғанша қаладағы ата-анамның қолында тұратын болдық. Арада зымырап бір жыл өте шықты. Қолыма дипломымды алдым. Анама алғысым шексіз. Ұлымды сабақ ортасында оқуыма әкеліп, емізіп кетіп жүрді. Олардың көмегімен ешқандай қиындық сезінбей соңғы курсымды да аяқтадым. Дипломымды алғаннан кейін ата-анам қайын жұртыма барып, келіндік міндетімді атқаруымды қалады. Күйеуім екеуіміз баламызды алып, қайын жұртқа бардық. Арадан екі апта өткен соң мазамыз қаша бастады. Балама тек анам қарайтын. Жуындырып, сылап-сипап, тамақтандырып ешқандай ауыртпай өсіріп келіпті. Мен «оқу, дипломдық жұмыс» деп жүріп балаға қалай күтім жасайтынын білмегенмін. Мен келін болып түскенімде енемнің де аяғы ауыр болатын. Менен бір ай бұрын босанған. Балама қарауға уақыты жоқ. Өз кішкентайымен әуре боп жататын. Баламды жиі ауыртып алатын болдым. Сәл қиналсам анама хабарласамын. Бір күні атам күйеуім екеуімізді алдына шақырып, жолдасыма «қайын жұртыңа барып тұрғаның дұрыс. Құда мен құдағи да жасы келіп қалған кісілер, жалғыз қыздарын алып алғанымыз жарамас, жақында інің де үйленеді, кіші келін қолға тұрады. Сен ағаң сияқты өз өміріңді өзің құр» деп кетуімізге разылықтарын берді.
Еншісін бермеді не «бөлек тұрыңдар» деп те айтпады. «Ата-енеңнің қолына барып тұр» деп айтты. Екеуіміз де енді оқу бітіргенбіз. Әлі жұмыс таппаған едік. Үй жалдап тұруға шамамыз жоқ. Алғашында күйеуім «сенің үйіңе бармаймын, жұмыс істеймін, ақша табамын, бөлек тұрамыз» деп ашуланды. Мен келістім. Бірақ «жағдайларың реттелгенше бізбен тұра тұрыңдар, екеуің де жұмыс тапқаннан кейін бөлек кетесіңдер» деген ата-анамның сөзінен кейін амал жоқ келістік. Сол қалғаннан мол қалдық. Әлі күнге менің әке-шешемнің қолында тұрамыз. Олар да бізге үйреніп қалды. Біздің де кеткіміз келмейді. Бір шаңырақ астында 15 жыл бірге тұрып келеміз. Дегенмен төртінші балам дүниеге келгеннен кейін көп балалы ана ретінде үйдің кезегіне де тұрып қойдық.
Айтайын дегенім – сол кезден бастап бәріміз күйеуімнің қас-қабағына қараумен келеміз. Үйде менің дауысым сәл өктем шықса, ол: «Сен өз үйіңде тұрғандықтан басымдық көрсеткің келеді» деп, қатты ренжиді. Тіпті бірнеше рет осындай себеп негізінен қатты ұрысып та қалдық. Сыртта достары да арасында «күшік күйеу» деп айтатын шығар. Сондай кезде ол ашуын менен алады. Мен де бірде үндемейм, ал бірде сөз қайтарам. Ойлап отырсам, арамыздағы ұрыс-керіс тек осы себептен туындайды екен. Көп жағдайда түсіністік танытқаныммен кейде менің де ашуым келеді. Өйткені ата-анам оны менен қатты жақсы көреді. Ешқашан бетіне қараған емес. Ал күйеуімнің әке-шешесі бізбен онша араласпайды. Күйеуімді туысқандарынан да алыстатты. Немерелерін көруге келмейді. Үйге тамаққа шақырсақ, бірнеше рет айтқызып жүріп, зорға келеді. Соңғы кезде жолдасым олармен араласпай қойды. Ал мен оның ата-анасымен, туған-туыстарымен араласқанын қалаймын. «Балаларым ата-әжесін біліп өссе» деймін.
Әке-шешем күйеуіме «менің үйімде тұрып жатсың» деген сөзді бір де бір рет айтып көрмепті. Мен оны өте жақсы түсінемін. Бірақ қанша уақыт өтсе оның санасында өз әке-шешесіне деген реніш қалып кеткен. Сол ренішті қалай сейілтсем болады? Оның көңілі тоқ болу үшін, ашуланшақ болмауы үшін не істесем екен? Жолдасыммен және оның жақындарымен қандай қарым-қатынас жасағаным дұрыс. Оны туыс-туғындырымен қалай араластыра аламын? Жағдайыма қатысты маман не айтады? Оның пікірін білгім келеді.

«Психолог бұрышы» айдарының тұрақты психологы Мәди Төлегеновтің кеңесі:
Құрметті Балнұр! Сіздің хатыңызды оқыдым. Айтқаныңызға қарағанда жолдасыңыздан бөлек ата-енеңізге сіздің де ренішіңіз бар сияқты. Әрбір адамның кіммен араласқысы келетінін-келмейтіні өз қолында. Егер сізге күйеуіңіздің және балаларыңыздың туысқандарымен араласқаны қажет болса, бәрін өзіңіз бастаңыз. Яғни, оларға үлгі бола біліңіз. Қайынжұртыңызға барып, қуанышы мен қайғысына ортақтасыңыз. Келіндік міндетіңізді атқарыңыз. Мен сіздің жазғандарыңыздан сіздің ол кісілермен араласуға тырыспайтыныңызды байқадым. Сондықтан да алғашқы қадамды сіз жасаңыз. Жолдасыңыз барғысы келмесе, сіз барыңыз. Ал, мен психолог ретінде жолдасыңызға үлкен алғысымды айтамын. 15 жыл бойына сіздің ата-анаңыздың шаңырағанда тұру білу – ерлік. Мұндай батылдық әрбір еркектің қолынан келе бермейді. Осы тұста сіздің өмірде өте жолыңыз болыпты. Сондай-ақ сіздің ата-анаңызға үлкен алғыс айтамын. Бұл оңай емес. Күйеу баласын осынша уақыт жанына сыйғызып, өз баласындай көріп, тіпті сізден де артық жақсы көргені кез-келген еркекті қызғандыратын сияқты. Ең бастысы сіздердің араларыңызда үлкен сезім бар екен. Бұл қуанарлық жағдай. Ерлі-зайыптылар әрқашан ашық сөйлесуі керек. Бұл көптеген түйткілдің түйінін шешеді.

лған кездеріңіз бар шығар. Сондайда сала маманының кеңесіне жүгінуге қаржылай мүмкіндігі жоқ жүргендері болса, бізге хат жазуын ескертіңіз. Бізбен серіктес білікті мамандар өз кеңестерін береді. Сіздің хатыңыздағы оқиға сіздің талаптарды ескере отырып, газетте жарияланатынын тағы да айтамыз.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті, №49 (5 желтоқсан, 2018 жыл)

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті