ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Табиғи монополиялар туралы» Заңын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы негізгі міндеттерді шешуге бағытталған. Біріншіден, табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы жүйелендіру қарастырылған. Екіншіден, табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтердің тиімділігін, сапасы мен сенімділігін арттыру мақсатында олардың қызметін реттеудің жаңа ынталандыру әдісін енгізу ескерілген. Сонымен қатар, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметінің ашықтығын арттыру және тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейту қамтылған.

«Табиғи монополиялар туралы» Заңның қолданыстағы редакциясы 1998 жылы қабылданған болатын. Жиырма жылдың ішінде Заңға 15 заңмен 200-ден астам түзету енгізілді. Осыған байланысты Заң жүйелілігін жоғалтты және сілтемелер саны өте көп, сондай-ақ қабылдауға ауыр. Бұдан басқа, бүгінгі күні табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу, тарифтерді қалыптастыру және бекіту рәсімдері 79 заңға тәуелді актіде бекітілген. Заң жобасында сілтеу нормаларын азайту және барлық заңға тәуелді актілерді екі базалық құжатқа біріктіру көзделеді»,- деді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Атап айтқанда, табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру және тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды күшейту мақсатында заң жобасымен тиісті қадамдар ескерілген.

Бұл тұрғыда 2 жаңа институтты енгізу қарастырылып отыр. Тарифтік саясат жөніндегі кеңес –  табиғи монополиялар салаларында реттеудің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын әзірлеу бойынша ұсыныстарды талқылау және әзірлеу жөніндегі консультативтік кеңес органы.

Бұл кеңес монополистердің инвестициялық бағдарламалар жобаларын қарастырады; табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметаларды, инвестициялық бағдарламаларды орындау туралы есептерің тыңдайды.

«Екінші институт –  ол табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері. Бұл монополисттердің қызметтерін тұтынушылардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында құрылатын коммерциялық емес ұйым. Тарифтік сметалардың және инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептерді қарауға қатысады. Сонымен қатар,  қызмет тиімділігінің көрсеткіштеріне қол жеткізу және табиғи монополиялар субъектілері қызметтерінің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін сақтауы туралы есептерді қарайды», – деді ведомство басшысы.

Министр  2015 жылдан бастап табиғи монополиялар саласына, соның арасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына инвестициялар тарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Бұл табиғи монополиялар саласына 2021 жылға дейін 2,2 трлн теңге көлемінде инвестициялар, оның ішінде шамамен 1,3 трлн теңгені тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына тартуға мүмкіндік береді.

«Соңғы 3 жылда 1,02 трлн теңге сомаға инвестициялар, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 684 млрд  теңге тартылды. Олардың 98 пайызы толығымен бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылды. Одан басқа, жаңа тарифтік саясат аясында халықаралық қаржы ұйымдарының инвестициялары белсенді түрде тартылуда. Соңғы 2 жылда 19,6 млрд.теңге кредит қаражаты тартылды. Бұл инфрақұрылымның тозу өсімін тоқтатып қана қоймай, жағымсыз трендті өзгертуге мүмкіндік берді», – деді Тимур Сүлейменов.