Варшава әуежайында қазақ күйі күмбірлеп, әсем әндері әуеледі

61
Фото baq.kz

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық ұжымы Еуропаның Польша, Чехия және Венгрия Республикаларына арнайы сапарға шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Біздің мәдениетіміздің негізгі сю­жет­­те­рін­де, кейіпкерлері мен сарын­да­рын­да ше­кара болмайды, сол себепті оны жүйе­лі зерттеп, бүкіл Орталық Еу­­разия кеңіс­ті­гі мен барша әлемде дә­ріп­теуге тиіспіз» деген қағидаты қазақстандық қоғам үшін бүгінде үлкен мәнге ие болып отыр. Осы орайда, Польшада Фридерик Шопен атындағы әуежайда домбыра, қобыз және жетіген бір уақытта күй ойнады. Жолаушылар ерекше әуенді естіп, қойылымды көру үшін көптеп жиналды. Көрермендер қазақтың қасиетті күйлеріне ерекше тәнті болып, қызықты қойылым үшін ризашылығын білдірді.

Академия студенттерінің мың бұралған әсем билері көрермендер қошеметіне ие болды. Әуежайдағы естен кетпес концертті Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының музыканттары қойды. Бұл олардың Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай шетелдіктерге жасаған тосынсыйы болды.

«Маған музыка мен би өте қатты ұнады. Сіздің елдің мәдениеті мен музыкасы әдемі. Қазақстанда болған емеспін. Бірақ ондай мүмкіндік туып жатса, қуана-қуана барамын», — деп жылы лебізін білдірді польшалық көрермен Ханна.

Сондай-ақ, «Алатау» фольклорлық ансамблі Варшавадағы Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен болған салтанатты жиында халқымыздың әндері мен күйлерімен қатар, Еуропа елдерінің классикалық шығармаларын орындады. Мерекелік мәдени көш Варшава сапарынан кейін 3 желтоқсан күні Прага қаласында жалғасып, артынша 5 желтоқсан күні Будапештте мәресіне жетеді.