Алдағы екі жылда «Қырғы базар» кісі танымастай өзгеретін болады. Базар басшылығы қала әкіміне осылай уәде берді. Бүгінгі таңда сауда орталығын қайта құру жұмыстары басталып кетті. Құрылыс барысында саудагерлердің қауіпсіздігі үшін базардың кейбір қақпаларын жабуға тура келген. Ал ол күнделікті напақасын осы жерден табатындарға ұнамапты.

Шаһардың қақ орталығында орналасқан сауда орнының жаңғыртылуы керек-ақ. Бірақ, құрылыс жұмыстары аяқталғанша саудагерлерге қиын болайын деп тұр. Базарды шығыс үлгісінде салуды жөн көргендер жұмыстарын бастап кетті. Қазір бір бөлігі қоршалып, қызу тірлік жүріп жатыр.

Ал сатушылар болса «Біз базардың жаңғыртылғанына қарсылығымыз жоқ. Құрылыс басталғаншы бір ай болса да орнымызда отырайық» дейді.

“Сатушылардың даурығуына негіз жоқ” дейді базар әкімшілігі. Бұған дейін бірнеше рет ескерту беріліп, жергілікті билік те түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Сөздеріне сенсек, құрылыс кезінде тегін орын беріліп, ақы да жиналмайды екен.

Жалпы Шымкент қаласындағы ірі сауда орындарын заман талабына сай етіп қайта салу жоспары 2014 жылы қолға алынып, шаһар басшылығы мен кәсіпкерлер меморандум түзген. Ал “Қырғы базардың” қайта құру жұмыстарын қала әкімінің өзі қатаң бақылауға алған. Орта Азияның жас сәулетшілері жасаған жобаны да қолдаған өзі екен.

Ғабит Мәуленқұлов

Ғабит Мәуленқұлов: “Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 5 жас архитектор осы жобаны жасап шықан. Бұл ескі қалашыққа үйлесімді болуы тиіс. Қошқарата өзені бойындағы қамалды жасап жатырмыз. Бұл соның бір бөлшегі болуға лайықты”.

Сауда орыны жаңғыртылып жатыр. Ал көп жылдан бері қала көркін қашырып, жабайы сауда орнына айналып келген баспалдақ мемлекет меншігіне өтеді. Қазір қажетті құжаттары құнтталып жатыр.

Нұрлан Күдерұлы