Ащы судың ақыры ажал құштырды

118

Шымкент қалалық ПД Жедел басқару орталығындағыларға ағымдағы жылы қаңтар айының 27-нен 28-не қараған түні «Жаңаталап» шағынауданындағы жеке сектордың бірінің тұрығыны қоңырау шалып, қайғылы оқиға жайында айтады. Оқиға орнына жедел-жәрдем қызметі мен полицейлер келіп жеткен. Мұнда екі ер кісінің арасында жанжал туындаған. Содан жәбірленушіге өзінің танысы пышақ сұғып алған.

Ұсталған азамат: «Ол маған қолыңдағы пышақты сұғып ала аламайсын деді. Осылайша намысыма тиді. Содан соң мен мойын тұсына пышақ сұғып салдым» дейді.

Күдікті жергілікті тұрғын болып шықты. Оқиға басына келген ЖППП инспекторлары оны сол жерде қолға түсірді. Сезіктіге қатысты адам өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр.

Әсел Саденова, Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі: «Анықталғаны екі таныстың арасында мас күйінде жанжал туындаған. Нәтижесінде біреуі екіншіге пышақ жарақатын салған, салдарынан оқиға орнында қайтыс болған. Бұл жайт бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде».

Ащы судан ұрттап отырған екеу осылайша сөзге келіп қалған. Оның соңы адам өлімімен аяқталып отыр. Күдікті уақытша ұстау абақтысына жабылды.

Ернар Балабеков