Елімізде жәрдемақылар көлемін белгілеу тәртібі өзгеруі мүмкін

217
фото inform.kz

Елімізде еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан, асыраушысынан айырылған және жұмыссыз қалған азаматтарға берілетін жәрдемақы үштен бір бөлікке өседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

«Әлеуметтік жәрдемақы көлемі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліміне және өзге де параметрлердің өзгеруіне қарай өседі. Осылайша, заң жобасына сәйкес, әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі өтілімі көп азаматтарға берілетін әлеуметтік жәрдемақы 5 жыл бойы әр жылы 2 пайызға артады. Ал мүгедектігі барлар үшін жұмысқа жарамсыз болып қалғанда  берілетін әлеуметтік жәрдемақылардың көлемін еңбекке жарамсыздық болған кездегі фактіні ескере отырып, белгілеу ұсынылады», — делінген министрліктің хабарламасында.

Яғни, алдағы уақытта әлеуметтік жәрдемақылар еңбекке жарамсыз болған жағдайда орташаланған коэфиценттерге тәуелді болмай, арнайы бекітілмек. «Асыраушысынан айырылған отбасыларға, асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік жәрдемақыларды белгілеуде қолданатын асырауындағы адамдар санының коэффицентін көтеру ұсынылады.

Жұмыссыз қалған тұлғаларға әлеуметтік жәрмақыларды белгілеу үшін, табыс көзін ауыстыратын коэффицентті 30 пайыздан 40 пайызға дейін көтеру ұсынылды. Сондай-ақ, бұл әлеуметтік төлемді алу уақытын 4 айдан 6 айға дейін ұзарту көзделген», — деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен. Жалпы, ұсынылып отырған өзгерістер еңбекке жарамсыз болып қалған жағдайда, асыраушысынан айырылғанда және жұмыссыз қалғанда әлеуметтік жәрдемақылар көлемін орташа 30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда заң жобасы ҚР Үкіметінің қарауында жатыр.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде еңбекке қабілеттілігін жоғалтқанда және асыраушысынан айырылғанда берілетін жәрдемақы 5 пайызға өсті.