Мақтааралда ауыл шаруашылығы өнім көлемі 42 млрд. теңгеге жетті

149

Мақтаарал ауданының негізгі экономикасын ауыл шаруашылығы құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудандағы жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 42 млрд. теңгеге жеткен. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 32,2 млрд. теңге, мал шаруашылығы 9,6 млрд. теңге, ауыл шаруашылық қызметі 278 млн. теңгені құраған.

Мақтаарал – ақ алтынның отаны. Мақтааралдық диқандар 60 926,3 гектар жерге егістік ексе, оның 38 593,2 гектары мақта дақылына тиесілі. Аудан бойынша 96 511,6 тонна ақ алтын жиналып, орташа өнімділік 25 центнерді құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 центнерге артық.

Ресейлік және Еуропалық кәсіпкерлердің сөзінше, әлемдегі ең тәтті қауын-қарбыздар Мақтааралдікі деседі. Бұған дәлел маусым кезінде күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартады. Биыл мақталы өлкеде 316 366,5 тонна бақша өнімдері өндірілді. Сондай-ақ, мақтааралдықтар күріш өсіруді де шебер меңгерген. Биыл 9 104,4 тонна күріш қамбаға жиналды.

Ауданда ұзындығы 1140,2 шақырымды құрайтын 532 канал, жалпы ұзындығы 840,7 шақырымдық 288 су қашыртқысы жұмыс істейді. Сондай-ақ, жалпы саны 339 тік дренажды ұңғымалар бар.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі