Сарыағашта 7 жасар баланы зорлаған 8-сынып оқушысы сотталды

97

Түркістан облысы, Абай ауылындағы 7 жасар баланы зорлау дерегі бойынша атышулы іске нүкте қойылды. Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушы ретінде танылған 8-сынып оқушысын 7 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«16 жастағы айыпталушы Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-ші бөлігінде («Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер») қарастырылған қылмыс белгісімен кінәлі деп танылсын. Оған осы баппен педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан екі жыл мерзімге айыра отырып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сот залынан күзетпен қамауға алынсын»,- деді судья Саммедин Темірәлиев.

Айта кетейік, осы жылдың 26 қыркүйегінде басталған сот процесі жабық өтті. Бұған дейін осы істі тергеген ҚР Бас прокуратурасының тергеу тобы 14 кешенді сот сараптамасы мен төрт түрлі зерттеу жүргізілгенін мәлімдеген болатын. Осы қылмысқа қатысы бар деген күдіктінің үшеуі 14 жасқа толмауына байланысты жазадан босатылған болатын. Тек 16 жастағы балаға қатысты іс қаралды.

Еске салайық, ағымдағы жылдың наурыз айында Түркістан облысында 7 жасар баланы зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әлеуметтік желіде «Абай ауылындағы мектептердің бірінде 7 жасар баланы жоғары сынып оқушылары бірнеше рет зорлап келген» деген ақпарат тараған болатын.

Жеткіншектің әжесі құзырлы органдарға арызданғанымен, бұл жайтқа қатысты тергеу шаралары жүргізілмегенін айтып шағымданған. Аймақ әкімі Жансейіт Түймебаев келеңсіз жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға ескерту мен сөгіс жариялап, бірқатар қызметкерді жұмыстан шеттеткен еді.