Шымкентте «ақылды автотұрақтар» іске қосылмақ

121

Шымкентте «ақылды автотұрақтарды» орнату үшін аз емес, 109 миллион теңге жұмсалмақ. Алмасу жобасына болашақтың жүйіткіген технологиясы жұмылдырылады. Және көлік жүргізушілері бұл тұрақтың төлемін кәнігі терминал-жабдығы арқылы смс және онлайн жүйесімен төлейді. Ауқымды жоба мемлекеттік және жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асады.

Автокөлігіңіздің қауіпсіздігі үшін небәрі — 100-150-теңге төлейсіз. Бұл — Шымкент автотұрақтарындағы орташа баға. Бірақ, кей кездері сол тұрақтардағы тиісті төлемдердің құны құбылып шыға келеді. Мұны жүргізушілер жақсы біледі.

«Расында, автотұрақ үшін кейде төлейміз, кейде мүлдем төлемейміз. Енді сұрап келсе, қолын қайтармаймыз ғой. Алайда, бірде арзан, бірде қымбат. 30 минуттың өзіне 250 теңгедей сұрайтын кездері де бар», -дейді көлік жүргізушісі Еламан Бақыт.

Жасыратыны жоқ, заңсыз орналасқан автотұрақтар кептелістің көбеюіне де себепкер. Сондай-ақ, жұртшылық жаппай мінетін қоғамдық көліктердің де жол жүруіне кедергісін келтіреді. Ал кей кездері апатты жағдайларға жеткізіп, арнайы көліктердің қозғалуын тежейді. Мәселенің мән-жайына қанық жергілікті әкімдік қазір бұл проблеманың жауабын тапқанға ұқсайды. Айтуларынша, жуырда мегаполисте су жаңа ақылды автұрақтар жұмыс істейді. Бүгінде бұл мақсатта 20 жер телімі қарастырылып қойыпты. Және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мамандарының қатысуымен арнайы маркентингтік тексеру жүргізілген-ді. Осының нәтижесінде, зияткерлік жүйе жүзеге асқалы отыр.

Сайра Амантаева, «Shimkent» ӘКК АҚ баспасөз хатшысы: «Бұл аумаққа инспектор мамандар арнайы бекітіледі. Олар келген көліктің нөмірін сол мезет суретке түсіріп, жүйеге жолдайды. Яғни, бұл арқылы автокөліктің қай уақытта келгені және қанша теңге төлеуі керектігі көрсетіледі. Жобада беларустік нұсқаны қолданып отырмыз. Себебі ол сапалы және онлайн жүйеде жұмыс жасайды».

Жобаның жүзеге асуы барысында «Shymkent-Parking» ЖШС жұмыс істейді. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өз тарапынан арнайы жер телімін қарастырады. Жалпы сомасы — 109 миллион теңге. Айта өтейік, бұл жүйенің Қазақстанда әзірге аналогы жоқ.

«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қорына түскен қаржы (пайда) толығымен әлеуметтік кәсіпкерлікке жұмсалады. Қазір білесіздер ғой, тұрғындар өздерінің қауіпсіздігі үшін үйлерінің алдынан автотұрақты қалтасынан ақша шығарып орнатып жатыр. «Темір-жасақтардың» да құны қымбат қой. Енді бұл мәселені біз шешіп береміз», — деді Сайра Амантаева.

Бүгінде қаламызда 340 мыңнан астам қоғамдық көлік бар. Олардың 275 000-ы — жеңіл көліктер. Сарапшылар бұл көліктердің тиісті тұрақпен қамтамасыз етілу деңгейі — 10 пайыздан да төмен екенін растап отыр. Мәселен, 10 автокөлік болса, соның 9-ның иесі, әдетте, темір тұлпарын қайда қоярын білмей, тұрақ іздеумен бас қатырады.

Мөлдір Бекеева