Жастар арасындағы қылмыс азайғанмен зорлық деректері артқан

103
BNews.kz

Шымкентте жастар арасындағы қылмыс саны азайған. Алайда, зорлау деректері артқан. Тіпті, 150 пайызға өскен. Бұл өткен жылдың статистикасы. Мамандардың айтуынша, зорлау сипатындағы қылмыс 68,2 пайызды көрсетіп отыр. Бұл сандар Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының қатысуымен өткен мәжілісте айтылды.

Мектеп және колледж бітіріп, жұмыссыз жүрген жастар арасында да бұзақылық кемімей тұр. Жиынға келген мамандар бұл мәліметтердің көңіл көншітпей тұрғанына, негізінен, ата-аналардың жауапсыздығы себеп десті.

Сапарғали Мамытов, Шымкент қалалық Полиция департаментінің Ювеналды полиция бөлімінің бастығы: «232 қылмыс орны алған болса, соған 208 жасөспірім қатысқан. 2018 жылы 208 жастың 18 пайызы мектеп оқушылары үлесіне тиеді. 21 пайызы колледж оқушыларына тиісілі болып отыр. Сондай-ақ, жастар арасында ерте жүктіліктің алдын алу жұмыстарын жандандыру қажеттігі туындап отыр».

Тағы бір жаға ұстатар тұс — ерте жүктілікке байланысты болып тұр. Ондай фактілер туыстық қатынасы бар жасөспірімдер арасында да байқалуда. Сондықтан, жауаптылар ата-аналарға бала тәрбиесінде аса мұқият болуды ескертеді. Бір өкініштісі, маңызды мәселе талқыланған басқосуда ата-аналар болған жоқ.

Меруерт Ахан