Бүгін шымкенттіктер белгілі хирург, медицина ғылымдарының докторы Мәди Биғалиевті ақтық сапарға шығарып салды. Пайғамбар жасы – 63 -ке қараған шағында өмірден озған абзал жанмен қоштасуға жерлестері, әріптестері мен билік өкілдері, туған-туыс, дос-жараны келді.
Қайғырып көңіл айту үшін қара шаңыраққа жиналған қарақұрым жұртшылықтың ішінде оның шипалы қолдарынан ем алған науқастар да бар. Әріптестері 40 жылын медицина саласына арнап, талай жанның өмірін сақтап қалған білікті маманды әсерлі естеліктермен еске алды.
Айта кетейік, Мәди Биғалиев отандық медицина саласының маңызды бағыты трансплонтология саласын енгізген әйгілі хирург 10 мыңға жуық науқасқа жаңа өмір сыйлады. Денсаулық сақтау саласында бірқатар басшылық қызметтер атқарған.
Мәди Қожаұлы өңіріміздің медицина саласы үшін орасан зор үлес қосты. Тек Қазақстан емес, хирургтің біліктілігін естіген шет елдік науқастар шекара асып, Шымкентке келген.
Мақпал Рысбаева