Ауған соғысының ардагері көз көрген тарихты шығармасына арқау етіп жүр

289

Ауған соғысының ардагерлері қайта сап түзеді. 30 жыл бұрын майдан шекарасынан шыққан жауынгерлер бұл жолы ескерткіш алдына шоқ гүлдерімен оралды. Жыл сайын қатарлары сиреп жатқанына қынжылған ардагерлер көздеріне жас алды.

15-ақпан Кеңес әскері Ауған шекарасынан шыққан күн. Дәл осы күні Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналып қойылған ескерткіш алды қара құрым халыққа толады. Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғандардың барлығы бірдей туған елге оралмады. Баласын жауынгерлікке жіберіп, табытын құшақтағандардың бірі Егембердиевтер әулиеті.

Жұлдызхан Егембердиев, Ауған соғысында қаза болған жауынгердің әкесі: «Балама келетін болсақ… Ғалымжан деген балам ерекше еді өзі. Автотехникумды аяқтап, Ресейдің Саратов қаласына оқуға түскен еді. Соның бірінші курсында алып кетті. Ал енді осында жиналған балалардың барлығы да менің балам сияқты. Болашақ ұрпаққа тілерім денсаулық және тыныштық».

Жас болса да қаймықпай жау алдында қасқайып тұрғандар бүгінде қуанышқа бөленіп жүр. Бір-бірін көріп арқа -жарқа болған қарулас достардың басым бөлігі әлі де әскери қызметте. Арасында көзі көрген тарихты шығармасына арқау етіп жүргендер де бар. Мәселен, Алматы қаласынан арнайы келген Болат Сайлан 4 бірдей кітаптің авторы. Барлығын да Ауған соғысындағы сұрапыл соғыс бейнеленген.

Болат Сайлан, Ауған соғысының ардагері: «Ауған соғысына байланысты көптеген еңбектер жаздым. Сол еңбектердің әрқайсысы 40 армияда жүргізген жауынгерлік қимылдар сөз болады. Жалпы Ауған соғысы 4 кезеңге бөлінеді. Соның екінші кезеңінде Кеңес әскері көптеген жауынгерлерінен айрылды».

Жалпы жыл өткен сайын ауған ардагерлерінің саны сиреп барады. Соңғы бірр айдың ішінде 4 бірдей батыр көз жұмған. Айына 15 мың теңге жәрдемақы алатын жауынгерлер бүгінде бұл қаражаттың еш жыртықты жамауға жетпейтінін айтып отыр. Әрі жыл сайын демалысқа берілетін жолдаманың да азайғанын алға тартады.

Ғалымжан Майханов, облыстық Ауған ардагерлері одағының өкілі: «Медициналық көмек қажет. Себебі жігіттердің барлығының денсаулығы мықты емес. Өкінішке қарай, арамыз күн сайын сиреп жатыр. Осыдан 2 ай алдын бір айдың ішінде қаламызда 4 бірдей ардагер қайтыс болды. Соның барлығы осы ауған соғысының зардабынан болып жатқан жағдайдар. Сондықтан көбірек көңіл бөлінсе деп сұранамыз».

Айта кетейік, 1979 және 1989 жылдардың аралығында өңірімізден Ауған соғысына 2247 азамат аттанған болатын. 10 жылға созылған майданда 95 жерлесіміз өлім құшыпты. Сондай-ақ, 2 сарбаз із-түзсіз жоғалған.

Назерке Үкібасова