Бостандық көшесінің тұрғындары көлшікпен «көрші» тұруға мәжбүр

246

Жол ортасындағы көл. Қаламыздағы Бостандық көшесіндегі асфальт жолдың ортасы ойылып, ішіне су жиналған. Жаяу жүргінші тұрмақ, көліктің өтуі мұң.

Әл Фараби ауданына қарасты Бостандық көшесінің осы бір бөлігінен аяқ киімді су қылмай, былғамай өту мүмкін емес. Тұрғындардың айтуынша осыдан төрт жыл алдын жасалған жөндеу жұмыстары өте сапасыз болған. Оның дәлелі, мына ойық-шұқырлар. Осы ойық-шұңқырға жиналған судың нәтижесінде тұрғындардың үй-жайларының қабырғалары жарылып, тіпті құлауға айналған.

Бүгінде адам тұрмақ көліктің өзі қиналып, ышқына өтетін көшені Фатима Әбдіхалықова 1966 жылдан бастап мекен етіп келеді. Айтуынша, жолдың ойылғанына шамамен он жылға жуықтаған. Төрт жыл алдын ойық-шұңқырларды бекітіп, жөндеген. Мердігерлердің салғырттығы алты ай өтпей жатып ашылып қалған. Содан бері көшеден жүру мұға айналған.

Фатима Әбдіхалықова, Бостандық көшесінің тұрғыны: «Алысқа бармай-ақ қояйын. Үйімдегі кәріз жүйесі осы жолдағы ойық шұқырдың кесірінен жарылып кетті. Бір көлік қатты жылдамдықпен келіп түссе керек. Бір ай сусыз отырдым. Сосын амал жоқ 60 мың теңге төлеп өзім жөндеттім. Ал зейнетақым бар болғаны 57 мың теңге. Қалтама қанша салмақ түскенін бағамдай беріңіз».

Жығылғанға жұдырық. Бұрын бір бағытта болған көше бірнеше жылдан бері екі бағыттық болып өзгертіліпті. Содан бері жаяу жүргінші жанын шүберекке түйіп өтеді.

Слава Сараев, Бостандық көшесінің тұрғыны: «Қай жағынан келсең де ойық-шұңқыр. Балалармен жүру мүлде мүмкін емес. Өзіміз де талай шұңқырға түсіп, белуарымызға дейін су болдық. Қыстың өзінде мынадай. Көктемде тіпті не болатынын да білмеймін”.

Ал әкімшілік мамандары бұл жолмен өзіміз де жүреміз, жағдайын білеміз деп отыр. “Ұзақ уақыт бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеуіне қаржының жоқтығы себеп болды” деп ашық айтты.

Қайрат Баймендиев, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Қалада көше өте көп. Бөлінген қаржы аясында жұмыстар атқарып жатырмыз. Бостандық көшесінде соңғы жылдары тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ол тек шұңқырларды жамаумен шектеледі. Соңғы жөңдеу жұмыстары 2008 жылы жүргізілген. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Наурыз – сәуір айында жөндеу жұмыстары басталуы тиіс”.

Маман осылайша мәселе екі-үш ай көлемінде шешіледі деп сендірді. Бостандық көшесінің тұрғындары оған дейін көлшіктің жағасында мекен ете тұруға мәжбүр.

Меруерт Ахан