Шымкентте қоқыс шығару құны арзандады

507

Шымкентте қатты тұрмыстық қалдық шығару құны арзандады. Мекеме басшылары тарифті бірден 12 пайызға төмендеткен. Мұндай қадамға ішкі шығындарын азайту есебінен барғандарын да жасырмайды. Есесіне, жұмысшыларының айлығы өзгеріссіз қалған.

Шаһарда қатты тұрмыстық қалдықты шығарумен 5 бірдей мекеме айналысады. Олар қала әкімдігімен келісімге келіп, міндеттерін айқындап алған. Ішкі шығындарын төмендету арқылы тарифті де түсірген.

Сонымен, жаңа тариф бойынша көпқабатты үйдің әр тұрғыны 150 теңге төлейді. Былтыр бұл бағам 171 теңге болған. Ал жеке сектор тұрғындары 200 теңге төлеп келсе, төмендетілген тариф бойынша 24 теңге кем төлем жасайды.

Нұрлан Бектұрсынов
Нұрлан Бектұрсынов

Нұрлан Бектұрсынов, ЭТКШ басқармасы басшысының орынбасары: “Қоқыс полигонына шығарылатын қоқысты төгу құны да 11 пайызға төмендеді. Бізде қоқыс өңдейтін зауыт жоқ, тек сұрыптайды. Полигонға әкелінген қоқыстың 12 пайызы сұрыпталады».

Шымкент қаласындағы қоқыс шығарумен айналысатын мекемелер үшін бағаны түсіру оңай болмапты. Өткен жылдың қыркүйек айында ғана көтерілген бағам арқылы жұмысшылардың жалақысы да артқан екен. Десе де, тапсырманы мүлтіксіз орындауды міндеті санаған.

Мұхтар Байболов, мекеме басшысы: “Біздің мекемеде жұмыс жасау оңай емес. Өте ауыр. Сол себепті біз жалақыларын уақтылы беруге әрекет жасаймыз”.

Сала мамандарының айтуынша, бір күнде жарты тонна қоқыс шығарылады. Ол қаладан 50 шақырым жерде жатқан аумаққа төгіледі. Есесіне, өңдеу ісі тұралап тұр.

Нұрлан Күдерұлы