Шымкентте «Мен — донормын» акциясы жалғасып жатыр

91

«Мен — донормын». «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» Шымкент қаласы бойынша филиалында осындай тақырыппен қайырымдылық акциясы өтті.

Филиал кеңсесіне Қан қызметінің көшпелі бригадасы келіп, корпорация қызметкерлері жұмыс процесіне кедергі келтірмей қан тапсыруға мүмкіндік алды. Игі жобаға ұжымдағы басшыдан бастап, мекеме қызметкерлері, жаңадан келген мамандар да толығымен жұмылдырылды.

«Жұмысымыздың қатаң тәртібіне қарамастан, донорлық акцияны кеңсемізде ұйымдастыра алғанымызға өте қуаныштымын. Мұны науқасқа көмек көрсету тұрғысынан да, донордың өзі үшін де өте маңызды іс деп санаймын. Қан тапсырғысы келетін әріптестеріміз бұл сәтті тиімді пайдаланып, жақсылық жасады. Біздің ортақ құндылықтарымыз бар. Ал өзгелерге көмек көрсетіп, қол ұшын созу — Елімізді бірлікке шақырады. Біз осындай акцияларды өткізуді міндетті түрде жалғастырамыз. Себебі, тек қан беру ғана емес, үнемі қан тапсырып отыру да маңызды», — деді филиал директоры Бақыт Басымбек. Дәрігерлердің айтуынша, бұл жолы жиналған қан бұл деңгейдегі акция үшін айтарлықтай нәтиже. Енді осы жұмыстардың арқасында қажетті қан халі ауыр науқастар мен онкологиялық ауруларды емдеуге бағытталмақ екен.

«Бірінші рет қан өткізіп отырғаным жоқ. Сондықтан, аса қобалжымадым. Осы орайда, біздің мекеменің донорлық акцияға қатысқандығы да қуантады. Алдағы уақытта да осындай іс-шаралардың көп болуын және Қан қызметі мамандарының бізге жиі келуін қалар едім. Бәріміз біріксек үлкен күшке айналып, мұқтаж жандарды қолдап, оларға көмектесеміз деп ойлаймын», — дейді филиалдың бас есепшісі Әлия Лесова.

Айта өтейік, «Мен — Донормын» акциясы аясында барлығы  50 қызметкер қан тапсырды. Олардан 25 литрге жуық қан жиналды.

Мөлдір Бекеева