Түлкібас ауданындағы балалар өнер мектебінің жағдайы сын көтермейді. 1940 жылы пайдалануға берілген ғимараттың тоз-тозы шыққан. Бұл мәселе бүгін аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековтың жылдық есептік жиынында көтерілді.
Жыл бойына атқарылған жұмыстар қорытылған шарада ауданның көрсеткішін кері тартқан өзге де жәйттер мәлім болды.
Талай өнерпазды қанат қақтырған қарашаңырақтың бүгінгі сыйқы осы. Салынғанына жарты ғасырдан асқан ғимараттың қабырғасы қарс айрылып, едендерінің жұлым-жұлымы шыққан.
Нұрбол Тұрашбеков, Түлкібас ауданының әкімі: «Мердігер анықталып қойған. Алайда, олардың жауапсыздығынан кешеуілдеп жатыр».
Жауаптылар сөзіне қарағанда өнер мектебі өкілдеріне арман болып отырған жаңа ғимараттың ауылы алыс сыңайлы. Әйтсе де, әлеуметтік, коммуналдық салаларда өсім бар. Мемлекеттік бағдарламалардың да ойдағыдай жүзеге асып жатқанына сендірген аудан басшысы былтырғы жылы атқарған жұмыстарын тізіп шықты. Бар салада ілгерілеушілік болғанмен, өнеркәсіп өнімдерін өндіруде түлкібастықтардың ісі шабан. Жыл он екі айда жаңадан бірде-бір қомақты жобаны іске асыруға атсалыспаған шенеуніктердің тындырымсыз тірлігін жылдық есепті тыңдау үшін Түркістаннан арнайы келген өкілдерге де аян екен.
Әуелхан Тұрғымбеков, Түркістан облысы әкімінің аппарат басшысы: «Бірде-бір жоба іске асырылмаған. Шымкент пен Сайрамда бұл жұмыстар жақсы жүріп жатыр. Түлкібастың да өзіне тән артықшылықтары бар. Соны пайдалану керек».
Нұрбол Тұрашбеков, Түлкібас ауданының әкімі: «Кәсіпкерлердің несиесін уақытылы алмауы себеп. Қазір жауапты ұйымдармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз».
2018 жылды ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды істермен аяқтамаса да аудан әкімінің биылғы жоспары атан түйге жүк боларлық. Айтуынша, үдемелі индустриалды-нновациялық даму бағдарламасының өңірлік кәсіпкерлерді қолдау картасына сай 7 бірдей жоба іске асырылады. Инвестиция тартуда да жергілікті шенеуніктер бар іскерліктерін салмақ ниетте.
Мақпал Рысбаева