Жетісайлықтар 500 гектар жерге көкөніс егіп тастады

77

Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданында көктемгі дала жұмыстары қарқын алды. Бүгіннің өзінде ауданда қырыққабат пен көкөніс дақылдарының егілген көлемі 500 гектарға жуықтады. Оның ішінде ерте егілетін қырыққабат егістігінің көлемі 469 гектарға жетіп отыр.

Сондай-ақ, ауданда 45 222 гектарға пал алынса, 11895 гектар егістік жер терең қопсытылып, 30 мың гектарға жуық егістік алқабында сор шаю жұмыстары жалғасуда.

Ал жалпы айдалған жер көлемі 68493 гектарды құрап отыр. Ендігі мәселе – көктемгі дала жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып, ақпан айының соңындағы ауа-райының күрт суытуына әзір болу. Ол үшін ерте егілген қырыққабат пен көкөніс түрлерінің үсік шалуына жол бермеу керек. Шаруалардың есіл еңбегі сонда ғана еш кетпейтін болады. Бұл туралы сенбі және жексенбі күндері бірқатар шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігімен танысып шыққан Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті.

Көктемгі дала жұмыстарына ерте кіріскен шаруалардың бірі – «Ынтымақ» ауыл округінің тұрғыны Кәмілжан Дадаев биыл 8 гектар жерге қырыққабат егіп жатыр екен. Бүгінде оның егіс көлемінде 200-ге жуық ауыл тұрғындары еңбек етуде. Оларға күндігіне 2 мың теңге жалақы төленуде.

«Биылғы ауа-райы өте қолайлы болып тұр. Қырыққабат егуге былтырғыдан 5-6 күн ерте кірістік. 8 гектар алқапқа қырыққабаттың 3 түрін егіп жатырмыз. Өнімдерімізді сәуір айының аяғында Ресей мен Беларусь нарығына жөнелтетін боламыз. Былтырғы жылы қырыққабаттың келісін 120 теңгеден бастап өткізсек, соңғы өнімдерімізді 67 теңгеден саудаладық. Бір гектардан шамамен 45-50 тоннаға дейін өнім алуға болады»,- дейді «Кәмілжан» шаруа қожалығының төрағасы.

Жанар Есенбекова