Күнгейде сәби өлімінің көбейгеніне аналарының салғырттығы себеп болып отыр

378

Нәрестелердің туылмай жатып шетінеуіне дәрігерлер емес, аналар кінәлі дейді салаға жауаптылар. Аяғы ауыр келіншектердің салғырттығы шақалақ өлімінің артуына себеп болған. Жылына бір рет бас қосатын акушер-гинекологтар мен неонатологтар осылай деп дабыл қақты. Ақ халаттылар шалғай аудандарда бала өлімі өршіп тұрғанын айтып салды.

Түркістан облысында жыл сайын 53 мыңнан аса әйел бала босанады. Қуаныштысы сол, дүниеге бала әкелген азаматшалар арасында өлім жағдайы азайған. Дегенмен ананың өмірін аман алып қалғандар, баланың өміріне араша түсе алмай отыр. Оның бірнеше себебін атаған мамандар әйелдердің салғырттығына баса назар аудартты.

Сандарды сөйлетсек, былтыр облыста бес ана өлімі тіркелген. Қайғылы жағдайлардың басым бөлігі Келес және Сарыағаш аудандарында орын алыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өлім көрсеткіші көбейген аудандарда ана мен бала денсаулығын бақылауды күшейтпек. Әрі өлім көрсеткішін азайту үшін – аудан мен ауылдағы әйелдердің жүктілік кезеңдегі диагностикалау жұмыстарын мықтап қолға алмақ ниетте.

Диагностикалық тексеруден кейін, кей жағдайларда жүктілікті тоқтатуға кеңес беріледі. Түрлі талдаулар мен зерттеулер арқылы іштегі шарананың ақауын анықтайды. Алайда құлақ аспайтындар өзі мен баласының өміріне қауіп төндіреді. Осыдай олқылықтармен күресуді күшейтпек ниеттілер түсіндіру жұмыстарын пысықтауды ұсына тарқасты.

Лаура Нақыпқызы