Кентау тұрғыны Ресейден жұмыс тауып берем деп 15 адамды алдап соққан

332

Жыл басында Кентау қаласының Полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласқан. Жәбірленушінің айтуына қарағанда белгісіз біреу алдау жолымен, Ресей Федерациясына жұмыспен қамтуға көмек беремін деп уәде етіп, 50 мың мен 100 мың теңге аралығында ақша алып, артынша ізін суытқан. Болған жайтты полицейлер ҚР ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша СДТБТ тіркеді.

Аталған қылмысты ашу мақсатында Кентау қаласының ПБ қызметкерлері жедел-тергеу іс-шарасын жүргізді. Жәбірленушінің айтуы бойынша құрастырылып жасалған фотобейне негізінде жедел уәкілдер алаяқтың ізіне түсті. Жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Іске қатысты күдікті ер адам, жергілікті тұрғын болып шықты.

Тергеу барысында ұсталған азаматтың жалпы сомасы 1,5 млн теңгеден асатын алаяқтықтың 15 жайтына қатыстылығы анықталды.

Қазіргі уақытта алаяқтық жайты бойынша жинақталған сотқа дейінгі тексеру мәліметтері айыптау актісімен бірге сотқа жолданды.

Алаяқтық құрбаны болмауы үшін, ТО полицейлері азаматтарға ұқыпты болуын және жұмыспен қамту, кредит алу, үй немесе пәтер алуға және басқа да күмәнді қызметтермен көмек берем деп қол ұшын созған бейтаныс адамдарға сенім білдірмеу керектігін ескертеді.

Егер сіз осы тектес қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» сымтетігіне хабарласуға шақырады.

Түркістан облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі