Шипажайлар жәрмеңкесі өтті

360

Өңіріміздегі шипажайлар мен емдік өнімдер өндіретін компаниялардың жұмысын насихаттау мақсатында «Ем іздесең, бізге кел» атты көрме- жәрмеңке өтті. Онда аймақтағы шипажайлар, медициналық орталықтар, емдік өнімдер өндіретін компаниялар өз өнімдерін келушілердің назарына ұсынды.

Осы көрме арқылы кәсіпкерлердің жұмысын ары қарай дамыту басты ұстын болып отыр. Көрмеге 30-ға жуық компания қатысып, өз өнімдерін паш етті. Шетелден 2 компания қатысуға ниет білдіріпті. Бұл көрме төртінші жыл дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Азамат Айтбаев, «Көрме» орталығының экскурсиялық бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі: «Мақсаты – өңіріміздегі халықты медицина саласында қызмет етіп жүрген кәсіпкерлердің жұмысын насихаттау болып табылады. Әрі халыққа осындай тауарлармен танысуға мүмкіндік беру. Медициналық көрме болған соң біз медициналық колледждердің, жоғарғы оқу орындары студенттері мен қызметкерлерін шақырып, таныстырып жатқан жайымыз бар».

Жанға шипа болатын дәрумендер мен экоөнімдер, косметикалық өнімдердің сан алуан түрі қойылған. Барлығы да жергілікті өнімдер. Теңіз асып, тау басып келген шетелдік қымбат өнімдерден он есе арзан. Әрі ағзаға пайдасы да мол. Бұдан бөлек, келушілерге біршама медицина мекемелерінің қызметі тегін ұсынылды. УДЗ, рентген аппаратына тегін түсуге мүмкіндік алды.